Отандық үлгідегі әскери катер – Ақтаудағы зауытта құрастырылған алғашқы су көлігі
Республика күні еліміздің әскери теңіз күштері жаңа техникамен толықты. "Шапшаң" деп аталатын су көлігі атына сай сағатына 48 теңіз узеліне тең жылдамдықпен жүйткиді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, отандық үлгідегі әскери катер – Ақтаудағы зауытта құрастырылған алғашқы су көлігі.
Жаңа катердің алғашқы экипажы жасақталып, бортына атыс құралдары орнатылады. Содан кейін жағалау инфрақұрылымын күзететін кемелер тобына қосылады. 23 тонналық катер ашық теңізде қуаты 5 балдық күшті толқында да емін-еркін жүзе алады.
"Отандық үлгідегі әскери катер мемлекет шекарасы мен ашық теңізде және жағалауда орналасқан стратегиялық нысандарды күзетуге қолданылады. Жауынгерлік су көлігін құрастыру былтыр тамызда басталып, жоспарлы мерзімде аяқталды. Қозғалтқыш бөлігі сынақтан өткізілген соң, қарулы күштер құрамына беріледі", – деді кеме құрастырушы зауыттың басшысы Дмитрий Донских.
Салтанатты іс-шараға қорғаныс саласының ардагерлері, кеме құрастыру зауытының ұжымы мен жергілікті билік өкілдері қатысты. Запастағы контр-адмирал Ратмир Комратов та осында. Ол көпшілікті Республика күні мерекесімен құттықтап, жас сарбаздар мен матростарды Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға шақырды.
"Еліміздің әскери теңіз флотында қызметте жүрген 33 су көлігі Оралдағы зауытта құрастырылды. Енді жауынгерлік кемелер мен катерлерді Ақтауда құрастыруға мүмкіндік туды. Отандық үлгідегі флот еш ақаусыз жұмыс істеп келеді. Бұл өз ісін жетік білетін мамандардың қажырлы еңбегі мен атқарылған жұмыстың сапасын көрсетеді", – деді ҚР Қарулы күштерінің ардагері Ратмир Комратов.
Биыл еліміздің әскери теңіз күштерінің құрылғанына 31 жыл толды. Осы аралықта жауынгерлік флот қатары зымыранды-артиллериялық, мина-тартқыш кемелер мен жүрдек катерлермен толықты. Ақтауда ел тарихында алғаш рет жауынгерлік мақсатта қолданылатын пирс салынды. Әскери су көліктері экипажын Түркия, АҚШ, Германия мен Оңтүстік Кореяда білім алған офицерлер басқарады.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Республика күні дүниеге келген егіз шекарашы болашақ арманын айтты