Республика күні: Қазақстан – сыртқы саясатта Еуразиядағы ықпалды мемлекеттердің бірі

Шетелдік сарапшылар қазақ даласын инвестициялар мен логистика үшін стратегиялық маңызды хаб ретінде бағалайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан – сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында Еуразиядағы ықпалды мемлекеттердің бірі. Шетелдік сарапшылар қазақ даласын инвестициялар мен логистика үшін стратегиялық маңызды хаб ретінде бағалайды. Осыдан 35 жыл бұрын еліміз Егемендік декларациясын қабылдағаннан кейін әлем мемлекеттерімен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас орната білді. Бүгінде Қазақстан жаһандық саясат пен дипломатияда өзіндік орны бар елге айналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміз егемендік алған кезден бастап өңірлік және жаһандық қауіпсіздік - сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі болатынын әлемге жария еткен еді. Сол уақыттан бері еліміз бұл бағыттағы ұстанымына берік. Халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеп келеді. Бүгінде сыртқы саясаттағы бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, үлкен қолдауға ие болып отыр. Соңғы отыз жыл ішінде көпвекторлы саясат арқылы Қазақстан халықаралық аренада сенімге ие болды.

«Қазақстанның бейтараптығы басқа мемлекеттердікінен ерекшеленеді. Мысалы, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ жобаларына белсенді қатысуы оның Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты басқа жобаларға қатысуына мүлдем кедергі келтірмейді. Сондықтан Қазақстанның әртүрлі бағыттағы жобаларға қатысуы оның әрдайым күрделі, тіпті шиеленісті жағдайларды шешуге арналған алаң бола алатынын қамтамасыз етеді», – деді халықаралық саяси сарапшы Равшан Назаров.

Бүгінде қазақ даласында түрлі маңызды келіссөздер, халықаралық форумдар мен конференциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделін айқын әрі сенімді түрде нығайтып келеді. Сарапшылардың айтуынша, әлемде геосаяси жағдай шатқаяқтап тұрған тұста еліміз «тұрақтылық аралы» болып қала бермек.

 «Біріншіден, дипломатияға деген сенім мығым. Олар айқын түсініп отыр.  «Сіздерге келіссөз алаңын беруге дайынбыз. Келсеңіздер жағдайыңызды жасаймыз» деп келіссек, біздің тарап уәдесінде тұрады. Бастысы – сенімді серіктес екенімізді айту», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Айдос Сарым «сыртқы саясаттың маңызды қағидасы – ең алдымен азаматтарына тыныштық пен сенім сыйлау» дейді. Яғни мемлекет озбырлыққа бармайды, аяқ астынан ешкімге соғыс жарияламайды немесе соғысқа араласу ниеті жоқ екенін, сондай-ақ саясатының бейбіт екенін ашық көрсететін айтты.

«Екінші қағида – көрші елдермен дұрыс қарым-қаынас орнату. Әдейілеп конфликтіге бармау, арнайылап қақтығысқа итермелемеу, басқасын қамтамасыз ету. Бұл – дипломатияның да, сыртқа саясаттың да басты қағидасы. Екі қағида тұрғысынан қарайтын болсақ, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де, сыртқа саясат доктринамыз да өте дұрыс деп есептеймін», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Алдағы жылдарда да Қазақстан көпжақты сыртқы саясатын жүргізіп, бейбіт бастамаларын жалғастыра береді. Сарапшылар ендігі жерде Президент айтқан цифрлық елге айналып, бұл салада әлемдегі көшбасы мемлекеттің бірі болуы керек екенін айтты.

 Ал,Астана жаһандағы геосаяси ахуал өзгеріп, саяси текетірестер күшейе түскен тұста келіссөздер мен маңызды шешімдер қабылданатын алаң болып қала бермек.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Республика күні: әлем сахнасындағы қазақ өнерінің жетістіктері қандай

Новости партнеров