Республика күні: жазушылар мен сарапшылар мерекенің мәні туралы айтты

22.10.2025 16:22

Республика күні ұлттық мереке болғалы осымен төртінші жыл қатарынан тойланып отыр

 

«Республика күнін ел азаматтары ерекше атап өтуі керек». Қазақстан Жазушылар Одағаның төрағасы Мереке Құлкенов айтулы датаның ел тарихында алатын орны айрықша екенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, бұл күн егемендік пен тәуелсіздікке ұмтылған халықтың бірлігін айқындайды. Ол кейінгі жылдары қаламгерлердің мәртебесі артып, тиісті құқықтық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ақын-жазушылардың шығармалары жоғары бағаланып, көркем әдебиет­тен сусындаған, білімді, кітапқұмар оқырман қауымы артып келеді дейді.

«Мерекенің аталып өтілуінің өзі – еліміздің өсіп, дамып, іргесін бекітіп келе жатқанын, халқының жадырап-жайнап, білімді азаматтардың көбейіп жатқанын, ұрпағымыздың дамып, түрлі тілде еркін сөйлей бастағанын көрсетеді. Мұның бәрі Республика күнімен тығыз байланысты екенін мақтанышпен айтуға болады деп ойлаймын», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Республика күні ұлттық мереке болғалы осымен төртінші жыл қатарынан тойланып отыр. Декларация аясында ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, Қазақстан халқының төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және ұлттық қадір-қасиетті нығайту секілді мемлекеттік қағидаттар бекітілді. 35 жылда саяси-экономикалық, әсіресе, әлемдік аренадағы жетістіктеріміз көбейді.  

«Жалпы, бұл – халық үшін айрықша күн. Себебі биыл егемендік декларациясының 35 жылдығын атап өткелі отырмыз. Егемендік декларациясы – тәуелсіздігіміздің іргесін қалаған алғашқы қадамдардың бірі. Ол негізінен 17 баптан тұрады және олардың барлығы да тәуелсіз мемлекеттерге тән ең қажетті қағидаттар мен құжаттарға негізделген», – деді саяси ғылымдарының докторы Жомарт Симтиков.

Оқи отырыңыз: Ұлттық жаңғырудың бастауы: Алматыда Егемендік декларациясына арналған жиын өтті