Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Экономика министрі мәлімдеді
Республикалық бюджеттен тек ірі жобалар ғана қаржыландырады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Экономика министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Серік Жұманғариннің айтуынша, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды бастамаларға қазына қаражаты жұмсалады. Ал халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін объектілер жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ министр жергілікті бюджеттерге қосымша функцияларды, нысаналы трансферттерді бере отырып, біраз ақшаны үнемдейміз деп отыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жергілікті бюджеттер өңірлік деңгейдегі міндеттерді шешу үшін өзін-өзі қамтамасыз етеді. Осы орайда депутаттар трансферттерді бөлу кезінде жаңадан құрылған облыстардың экономикалық көрсеткіштеріне мән беріле ме деп сұрады.
«Әрине, кейбір өңірлерге жаңадан құрылған, әлеуметтік жағдайы төмен өңірлерге басымдық беріледі. Маңызды құжат өңірдің даму жоспары болады. Оның негізінде өңірдің инвестициялық жоспары жасалады, – деді ҚР Экономика министрі Серік Жұманғарин.
Депутаттар трансферттерді есептеу кезінде ресми және ведомстволық статистика бір-біріне жиі сай келмейді деп отыр. Әсіресе жұмыссыздық деңгейі, тұтыну бағаларының, өмір сапасының индексі қысқартылып, бұрмаланады. Осы орайда, мәжілісмендер статистикалық деректер базасын қалыптастыру әдістемесін қайта қарау керек деп санайды.
«Нақты мысал ретінде ауыл шаруашылығының статистикасын келтірейін. 5 миллионға жуық мал басы туралы деректің бұрмаланғанын арнайы комиссия Мемлекет басшысы көтерген мәселеден кейін анықтады. Бұл жағдай мемлекеттік саясатты жоспарлау және бағалау кезінде пайдаланылатын деректерді қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау қажет екенін көрсетіп отыр. Бұрмаланған статистика нақты трансферттердің қалыптасуына тікелей кедергі келтіреді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Татьяна Савельева.
Оқи отырыңыз: Сиань-Алматы: қалаға алғашқы халықаралық туристік пойыз келді