Сәтбаев қаласындағы жолдардың сапасы тұрғындардың наразылығын тудырды

Көктемгі шұңқырлар мен сапасыз жөндеу жұмыстары жүргізушілерге қосымша шығын әкелуде

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласында автокөлік жолдарының жағдайы күрт нашарлап, тұрғындардың басты мәселесіне айналды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Әсіресе көктем шыға көшелердегі асфальттың тозуы мен шұрық-тесік шұңқырлардың пайда болуы жолаушылар қатынасын қиындатып жіберді. Жүргізушілердің айтуынша, сапасыз жолдың кесірінен көліктер жиі істен шығып, автобөлшектерді жаңартуға қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр. Тұрғындар жол жөндеу жұмыстарының сапасына күмәнмен қарап, мәселенің тезірек шешілуін талап етуде.

«Өтірік айтпай-ақ қояйын, көлігімді жылына бір рет жөндеуге қоямын. Астына толықтай күрделі жөндеу жасатамын. Оған шамамен 180 мың теңгедей кетеді. Бұл біз сияқты зейнеткерлердің қалтасына ауыр тиеді. Қазір күн ашық кезде жолды жөндеуді бастай беруге болады», – деді қала тұрғыны Жеңісбек Жалғасбаева.

Қала тұрғындарының тағы бір тобы жол жөндеу жұмыстарының тым қысқа мерзімге ғана шыдайтынына налып отыр. Олардың сөзінше, күзде жамалған шұңқырлар көктемгі қар суымен бірге «еріп» кетеді.

«Бізде сапалы жол жоқ. Ең құрығанда үш-бес жылға жететіндей сапалы жөнделсе ғой. Өздеріңіз көріп тұрған шығарсыздар, сапасы жарты жылға жетер-жетпес. Мысалы, былтыр күзде осы жолдардың бәрі істелген еді, көктемде қармен бірге еріп кеткендей болып жатыр», – деді қала тұрғыны Болатбек Түсіпов.

Жергілікті билік бұл мәселеге қатысты әлі нақты түсініктеме берген жоқ. Десе де, тұрғындар жол инфрақұрылымын ретке келтіру үшін кешенді жұмыстардың жүргізілуін күтеді.

Оқи отырыңыз: Алматыны газға көшіру: газ турбиналары мен генераторлар орнатылуда

Новости партнеров