Сәтбаевтың орталық алаңында шыршалар қурап кетті

Алаң маңында тұратын зейнеткер Евгения Түсіпбекова – жасыл желекке жанашырлықпен қарайтын жалғыз жан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сәтбаевтың орталық алаңында шыршалар қурап, саябақтың сиқы қашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сәтбаев қаласының аумағында жыл сайын жүздеген ағаш көшеті отырғызылады. Дегенмен дұрыс күтім мен уақытылы суғарылмағандықтан, олардың көбі қурап жатыр. Тұрғындардың айтуынша, қыруар қаржыға егілген талдарға уақытында жағдай жасалмайды. Салдарынан еңбек еш кетті.

«Сквер жасағаны жақсы ғой, бірақ 200 метр жер суғарылмайды. 49 шырша отырғызды. Бәрі қурап кетті», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Евгения Түсіпбекова.

Алаң маңында тұратын зейнеткер Евгения Түсіпбекова – жасыл желекке жанашырлықпен қарайтын жалғыз жан. Күн сайын екі ортада су тасып, ағаштарды сақтауға тырысып жүрген де осы – қария. Қаланың қақ ортасындағы бұл көрініске бей-жай қарай алмаған ол талдардың қараусыз қалғанына қапалы.

«Шыршаның түбін түптеп, суғардым. Ерікті ретінде күтім жасап жүрмін. Таңертең сағат 5:00-де тұрамын. Екі бөтелкені толтырып, суғарып жүрмін», – деді Евгения Түсіпбекова

Ағаш отырғызу мен оларға күтім жасау бойынша жауапты болған мердігер ұйым қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Ал әкімдік мемлекеттік сатып алуға сай конкурс өткізбек. Егер жоба жүзеге асса, орта есеппен күніне 2000 ағаш суарылатын болады.

«Наурызда жасыл желектерді күтіп баптау жұмыстарын жүзеге асырылуға конкурс жарияланған болатын. Жұмысқа суару арықтарын тазалау, талдарды ақтау, пішіндеу, жасыл аумақтарды суару жұмыстары жүргізілетін болады. Ал жасыл желектерді химиялық өңдеу жұмыстары бөлек», – деді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Ахмет Сыздыманов.

Айта кету керек, облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында биыл өңірде 27 277 көшет отырғызу жоспарланған көрінеді. Ал оларды суару үшін қаншалықты қаражат бөлінгені әзірге белгісіз.

Ескеретін бір жайт бар: пәрменсіз шенеуніктер құжат алмасып, конкурстық рәсімдерді бір кезеңнен екіншісіне өткізіп әлек болып жатқанда — жапырағы енді ғана жайқала бастаған жас көшеттер біртіндеп қурап барады.  

Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Елімізде 42 градус ыстық болады: қандай аурулар асқынуы мүмкін

 

Новости партнеров