Қайырымдылық іс-шарасы телеарнаның 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды
Almaty TV ұжымы да қарттарды мерекемен құттықтап, ақ батасын алды. Арна қызметкерлері қариялардың үйлеріне арнайы барып, азын-аулақ сый көрсеткен.
Айта кету керек, қайырымдылық іс-шарасы телеарнаның 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Вера Зенкова – 80-нен асып, тоқсанның төріне шыққалы отырған әжей. 1937 жылдан бері Алматыда тұрады. Қария ұл-қызын өсіріп, ұясына қондырған. Немере-шөберелері де бар. Ол телеарна қызметкерлерінің мерекеде келіп құттықтағанына алғыс айтып, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.
"Сіздерді 25 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Істеріңіз ілгерілей берсін. Тек жақсы жаңалықтар айта беріңіздер. Сондай-ақ бізді ұмытпай, елеп-ескергендеріңізге алғыс айтқым келеді. Көңілім көтеріліп қалды", – деді зейнеткер Вера Зенкова.
Ал Күлдария Рахымбаева – Бостандық ауданының тұрғыны. Қария да «көп жасаңдар» деп батасын беріп, арна ұжымына толағай табыс тіледі.
"Қарттар күні – өте ерекше күн. Үлкендерді сыйлап, жағдайымды сұрап келгендеріңізге өте ризамын. Халыққа адал қызмет етіңіздер! Денсаулық тілеймін! Еш жамандық болмасын!" – деді зейнеткер Күлдария Рахымбаева.
"Алматы" телеарнасын 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Шығармашылық табыс тілеймін. Қарбалас жұмыс кезінде, ұмытпай, қуантқандарыңызға рақмет!" – деді зейнеткер Насима Гарифуллина.
Арна қызметкерлері мереке қарсаңында 15 қарттың үйіне арнайы барып, азын-аулақ сый көрсетті. Оған корпоративті сыйлықтар әзірлейтін «OP presents» компаниясы демеушілік еткен.
"Ата-апаларымызды қарттар күнімен құттықтаймыз. Деніне саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз! "Алматы" телеарнасын 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!" – деді OP presents корпоративті сыйлықтар компаниясының негізін қалаушы Ақерке Мұратқызы.
Айта кетейік, арна ұжымы биыл мерейтойын атап өту аясында 40-қа жуық қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырады.
Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов
Оқи отырыңыз: Алматыда қарттар күнін қалай атап өтті