Шабыт мекені: Алматы күніне орай өткен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды

21.09.2026 15:35

«Аспан таулы Алматы» республикалық бейнеконтент байқауында екінші орынды «Алматы» телеарнасының бас операторы Мұратбек Алмасхан иеленді

Алматы сұлулығымен, таумен таласқан ғимараттарымен, жанға жайлы табиғатымен көпке шабыт сыйлап келеді. Оны әніне қосқан сазгер де, жырына арқау қылған ақындар да, өз туындысына негіз еткен жандар көп. Мегаполисте қала күніне орай ұйымдастырылған шығармашылық  байқаулардың жеңімпаздары анықталып, марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда қала күнін атап өту аясында «Аспан таулы Алматы» республикалық бейнеконтент байқауы жарияланған. Бағын сынауға 118 адам бел буып, конкурсқа қатысуға өтінім берген. Қорытындысы бойынша I дәрежелі диплом мен 3 000 000 теңгелік сертификат Атлан Булыбаевқа табысталса, екінші орынды «Алматы» телеарнасының бас операторы Мұратбек Алмасхан иеленіп, оған 2 миллион теңгелік сертификат берілді. Ал үздік үштікті Екатерина Макарова мен Ақылбек Таңжарық қорытындылады. Сондай-ақ бірқатар авторға ынталандыру сертификаттары мен арнайы дипломдар табысталды. Оның қатарында біздің арнаның телеоператоры Диаскен Байтибаев және редактор Малика Илахунова бар.

«1 аптадай шамамен бейнеролик түсірдім. Кейін ұйымдастырушыларға өткіздім. 1 аптадан кейін хабарласты, Бірақ қандай орын алғанымды айтпады. Қобалжып тұрмын, үстіндемін, бейнеролигім 1-орын алып жатқанына қуаныштымын», – деді  «Аспан таулы Алматы» бейнеконтент байқауының жеңімпазы Атлан Булыбаев

 Сондай-ақ сазгерлер арасында «Алматы – ән қанатында!» байқауы өтті. Онда 75 автор өз музыкалық шығармаларын ұсынған. Бұл конкурс та алып шаһардың мәдени әлеуетін танытуға бағытталған.

«Алматыны қатты жақсы көрем, қалада тұрғаныма 30 жылдан асып кетті. Сондықтан туған қалам десем де болады, жүрегіммен жақсы көрем. Сондықтан ән жазу қиын болған жоқ.  «Алматым менің» және «Алматы жазы» деген екі ән жібергем», – деді  «Алматы – ән қанатында» композиторлар байқауының жүлдегері Айгүл Бажанова.

Ән байқаудың жалпы жүлде қоры – 7,5 млн теңге. Қалалық Мәдениет басқармасының айтуынша, мұндай сайыстар Алматының заманауи көркем бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Байқау әділ өтті. Қазы алқасына кез келген әннің авторын айтпай. тек музыкасын ғана бердік. Таза, бағалау үшін ұйымдастырылды. Алдағы уақытты Алматы қаласы әкімдігінің тарапынан қала күні қарсаңында жалғастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев

 Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында өткен «Мен Алматы тарихын білемін» қалалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Қалалық музейлер бірлестігі ұйымдастырған сайысқа 400-ден астам баладан өтінім түскен. Байқау қатысушылары Алматы тарихына қатысты білімдері мен зерттеушілік қабілеттерін бірнеше кезең бойынша сынаған еді.

Гүлмарал Изатқызы, Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Жас маманға қолдау: Алматыдағы мектепте әдістемелік семинар өтті

 

 

Толық көрсету