Саған ештеңе болмайды: Боқаевтың мобилографы Баум тоғайындағы фейк видеоның қалай түсірілгенін айтты
Ол тергеу кезінде Боқаевтың нұсқауымен жалған жауап бергенін мойындады
«Біздің сөзімізді сөйлесең, несиелеріңді жауып береміз». Санжар Боқаевтың ісіне қатысты сот отырысында оның сыбайласы әрі жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа осылай деп, Баум тоғайындағы ағаштарды шабуға амалсыздан келіскенін мойындады. Ол жасыл желектің заңсыз кесілуі туралы резонансты бейнероликтің қалай жасалғанын егжей-тегжейлі баяндады. Айтуынша, материал әр уақытта түсірілген кадрлардан құрастырылған. Сондай-ақ, мобилограф тергеу кезінде Боқаевтың уәдесіне сеніп, жалған жауап беруге тура келгенін жайып салды. деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлан Нүсіпқожаның соттағы жауабының басым бөлігі Баум тоғайындағы ағаштардың заңсыз кесілуі туралы видеороликке арналды. Сөзінше, оқиға былтыр күзде басталған. Оған тоғайда ағаштар кесіліп жатқаны туралы анонимді хабарлама келген. Боқаев бұл хатты өзінің жеке нөміріне жіберуді сұраған. Кейін Нүсіпқожа хабарламаның Боқаевтың ресми тіркелмеген екінші телефонынан жолданғанын түсінген. Содан соң Санжар түн ішінде тоғайға баруды талап еткен. Оған қоса, Боқаев Нүсіпқожаға көліктің терезесін ашуды бұйырып, қолына бір бума ақша ұстатып, жолда күтіп тұрған адамға беруді тапсырған. Ол бұған дейін Үлкен Алматы өзені маңындағы гранит тақталарды ұрлау оқиғасына қатысқан Ақылбек Хамрақұлов болып шықты. Нүсіпқожаның айтқанын бүгінгі сот отырысында Полиция департаментінің жедел уәкілдері растады. Олар оқиғаға қатысушылардың қозғалыс бағытын «Сергек» камералары арқылы минутына дейін қалпына келтіргенін айтты. Сөздерінше, жазбада Ақылбек Хамрақұловтың Нүсіпқожаның көлігіне жақындап, терезе арқылы әлдебір затты алғаны анық көрінген.
«Ол «жүр, барып түсіріп қайтайық» деді. Түн ортасы еді. Тас қараңғыда түсірілімге барғым келмеді. Оған «одан да сізді үйіңізге жеткізіп салайын» дедім. Бірақ ол «қазір түсіріп алайық. Ол жақта біреу жүрген сияқты, соны түсіру керек» деді. Мен «онда сіздің джипіңізге ауысайық» деп едім, ол көлігінің үйде екенін айтты. Мен көлігімді қалдырып, онымен бірге Баум тоғайын түсіруге бардым. Ол аздап масаң күйде еді. Сондықтан онымен көп сөз таластырмадым», – деді С. Боқаевтың бұрынғы видеооператоры, айыпталушы Ұлан Нүсіпқожа.
Мобилографтың айтуынша, тоғайға жеткен соң Боқаев біреуді байқағанын айтып, қолына шам алып, орман ішіне қарай жүгірген. Алайда Нүсіпқожа ешкімді көрмеген, ешқандай дыбыс та естімепті. Соған қарамастан, камераға түнгі қуғын көрінісі түсірілген. Олар келесі күні таңертең оқиға орнына қайта барған. Бұл жолы бірнеше адам өзін жергілікті тұрғындар, экобелсенділер ретінде таныстырған.
«Ол бәрін видеоға таспалауды тапсырды. Мен оның сөйлеген сәттерін камераға түсіріп жүрдім. Ол айналаны аралап, кесілген, құлаған ағаштарды тауып жатты. Мен бәрін түсіріп отырдым, ал ол көргендерін камера алдында түсіндірді. Содан кейін түсірілімді тоқтатып «болды, көлікке бара бер. Материалды монтаждай бер. Материал бірінші болып шыққанын қалаймын» деді. Өзі жергілікті тұрғындармен бірге басқа кесілген ағаштарды түсіруге кетті. Ал мен көлікте отырып, ноутбукпен монтаж жасадым. Таңертеңгі кадрларды түнгі түсіріліммен біріктіріп, дайын сюжетті оған жібердім», – деді С. Боқаевтың бұрынғы видеооператоры, айыпталушы Ұлан Нүсіпқожа
Ол тергеу кезінде Боқаевтың нұсқауымен жалған жауап бергенін мойындады. Бастапқыда анонимді ақпарат беруші өзі хабарласып, нөмірін жасыруды сұраған деп көрсеткен. Кейін Боқаев барлық хат-хабарды өшіруді талап еткен. Мобилографтың сөзінше, егер ол үндемей қалса, қаржылай көмек көрсетіледі деген. Тіпті несиесі мен пәтерақысын төлеуге жәрдемдескен. Сондай-ақ Боқаев оның адвокатының қызметін өтеуге сөз беріпті. Бірақ кейін қаржылай көмек тоқтап, қорғаушының еңбекақысы төленбеген. Ақырында Нүсіпқожа тәуелсіз қорғаушы жалдап, сотта өз нұсқасын баяндауға бел буыпты.
Оқи отырыңыз: Бокаевтың мобилографы гранит тақталарын ұрлау оқиғасының қолдан ұйымдастырылғанын айтып, куәлік берді