Сахна төрінде Мәдина Ералиеваның өшпес мұрасын ұлықтау мақсатында елімізге танымал өнер жұлдыздары ән шырқап, естелік айтты
«Ол сыршыл да нәзік дауысымен халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ол қысқа ғана ғұмырында ұлттық өнерді насихаттауға зор үлес қосты. Сол үшін де қазақ елі маңдайына біткен жарық жұлдызы - Мәдина Ералиеваны ұмытпайды». Ән әлемінің «Ақбаяны» атанған әншінің есімі күні кеше Алматыда ұлықталды.
Әншінің шығармашылығына арналған «Сағындым, сағым жылдар!» атты рухани кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сағым жылдар, сағым жылдар,
Сен де бір арман,
Сен де бір жалған,
Сағыныш-ай, сағыныш-ай!
Сенімен бірге,
Толқиды жаным менің...
«Сағындым, сағым жылдар» әнімен көптің жүрегін тербеген Мәдина Ералиева бүгінде халқының сағынышына айналды. Сыршыл нәзік дауысымен елінің ыстық ықыласына бөленген әншінің өнеріне жұрт шөліркесе керек, концерт залында ине шаншар орын болмады. Кештің шымылдығы Ералиеваның өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен арнайы көрмемен ашылды. Көрермен назарына әншінің сахнада киген киімдері, мұрағатта сақталған сирек фотосуреттері мен жеке заттары ұсынылды. Өнер иесінің ұлы бұл іс-шараның анасының 70 жылдығына арналғанын айтады. Егер көзі тірі болса, бүгінде әртіс 72 жасқа толар еді.
«Анамның қайтқанына 27 қарашада 26 жыл болады. Еске алу кешін анамның 70 жасына орай ұйымдастырып отырмын. Биыл анам 72 жасқа толушы еді. Бірақ 70 жасында ешқандай іс-шара болған жоқ. Сондықтан биыл еске алуды жөн көрдім», – деді М. Ералиеваның ұлы Арсен Ералы.
Сахна төрінде Мәдина Ералиеваның өшпес мұрасын ұлықтау мақсатында елімізге танымал өнер жұлдыздары ән шырқап, естелік айтты. Олар әншінің репертуарындағы «Ақбаян», «Күрең күз» сынды алтын қорға енген асыл туындыларды орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Жиылған жұрт «бұл кеш – тек Мәдина Ералиеваға емес, ұлттық мәдениетке көрсетілген зор құрмет» днп бағалады.
«Мәдина апамызды халық өте жақсы көрді. Ол кісінің киген киімі, сахнадағы әдебі қандай? Әсіресе, Мәдинаның репертуар таңдауы бүгінгі өнерпаздарға үлгі боларлық іс, ол өте жоғары талғаммен қарайды. Әндері тек Мәдинаның өзіне арнайы жазылмаған. Бүгінге дейін талантты жастар оның репертуарын жаңғыртып. айтып келе жатыр», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Елена Әбдіхалықова.
Айта кетейік, концертке келген көрермен сағымға айналған сүйікті жұлдызының әндерін талай жылдан кейін қайта естіп, құлақ құрышын қандырды. Ендігі ұрпақтың міндеті – өнердегі өр тұлғаның артында қалған аманатын сақтап, алтын қорға енген сырлы сазын ұлықтау.
Аяулым Көлжігіт, Думан Дәулетбақ
Оқи отырыңыз: Ұлттық қор - балаларға: биыл неше адам оқу ақысын төлеуге өтініш берді