Ұлттық қор - балаларға: биыл неше адам оқу ақысын төлеуге өтініш берді

Ашық дереккөздерге сүйенсек,  46,83 миллион АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылғалы азаматтардың есепшотына 46 миллион доллардан астам қаражат аударылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры келтірген дерекке сәйкес, оның 17 миллион доллардан көбі оқу ақысын төлеуге жұмсалса, қалғаны баспана жағдайын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазірде көп ата-ана мен оқушы «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасына түскен қаражатты жай ғана қосымша ақша емес, болашаққа арналған нақты мүмкіндік ретінде қарастырады. Әсіресе грантқа түсе алмай қалған жағдайда, бұл қаржы оқу ақысын төлеуге аз да болса демеу болуы мүмкін.

Айта кетейік, биылғы жылдың алғашқы сәуіріндегі көрсеткіш бойынша 273 мың 371 өтініш орындалған.

«2026 жылы еліміздің азаматы саналатын барлық балаларға Қазақстанның Ұлттық қорынан үшінші рет қаражат есептелді. Биыл бір балаға 130 доллар 71 цент аударылд. Баланың бағдарламаға қатысуын kids.enpf сайты, eGOV және бірқатар екінші деңгейдегі банкілердің мобильдік қосымшасы арқылы тексеруге болады», – деді  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, 46,83 миллион АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға 171 696 өтініш қанағаттандырылып, 29,40 миллион доллар бөлінген. Ал білім беру ақысын төлеуге 101 675 өтініш мақұлданып, 17,43 миллион доллар бағытталған.

Бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, оқу ақысының бір бөлігін жапқан студентпен де тілдесіп көрдік.

«Бірінші университеттің арнайы мамандарымен жұмыс жасадым. «Бір апта көлемінде күтсеңіз, шотыңызға түседі, сосын оқуға қалай төлеуді түсіндіреміз» деді. Оқуымның бірталай ақшасын төледім. Ата-анама және өзіме де жақсы мүмкіндік болды», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс студенті Аяужан Мендеқұл.

Бұл қаржы студенттің қолына беріле салмайды. Кәмелетке толғаннан кейін алушы алдымен уәкілетті оператор банктен арнайы шот ашады. Өтініш те сол қаржы ұйымының платформасы арқылы жолданады. Құжат мақұлданса, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатты тікелей сол операторға аударады. Қазір мұндай операторлар қатарында бірнеше банк бар. Жинақты пайдалану тәртібі де нақты белгіленген. Бұл мүмкіндікті болашақ жоспарына қарай бағамдап жүрген талапкерлер де бар.

«Биыл бітіруші түлек болғандықтан ҰБТ-ға дайындалып жатырмын. Грантқа түсемін деген ойдамын. Дайындығым жақсы. Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ демекші, грантқа түспей қалған жағдайда Ұлттық қордан түскен қаражатымды оқу ақыма жұмсаймын деген ойым бар. Егер грантқа түскен жағдайда мен бұл қаражатты арнайы шот ашып, сол жаққа құямын. Жинау арқылы болашақта үй алуға жұмсаймын», – деді  № 174 мектеп-гиназиясының 11-сынып оқушысы Әбдірахман Қайрат.

Ұлттық қордан бөлінген қаражатты басқа туыстың пайдасына аударуға болмайды. Яғни, ол нақты иесіне ғана тиесілі. Ал 18 жасқа толғаннан кейін пайдаланылмай қалған жинақ 10 жылдан соң ерікті зейнетақы есебіне өтеді. Сондықтан бұл қаражатты дер кезінде әрі мақсатқа сай пайдалану маңызды.

Айжан Дайрабай, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Мыңнан астам азамат инсульт қаупін ерте анықтау бойынша тексеруден өтті

Новости партнеров