Сайлау-2026: Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті

13.08.2026 19:33

Басқосуда мамандар дауыс берушілердің партия таңдауына әсер ететін негізгі факторларды саралап, теледебаттың маңызына тоқталды

Алдағы Құрылтай сайлауына қоғамның қызығушылығы жоғары. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы дауыс беруге қатысып, өз таңдауын жасауға ниетті. Бұл дерек Алматыда өткен «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» атты сараптамалық алаңда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Басқосуда мамандар дауыс берушілердің партия таңдауына әсер ететін негізгі факторларды саралап, теледебаттың маңызына тоқталды.

Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. Дауыс беру күні жақындаған сайын елдегі саяси додаға деген қызығушылық та артып келеді. Сарапшылардың айтуынша, екі пікірсайысты көрген аудитория жас ерекшелігі мен жыныстық құрамы жағынан да бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді.

«Дебат бір сағат болғанымен халықтың арасында апталапбталқыланып жатады. Сондықтан дебат халықты саяси тәрбиелеуші күш деп ойлаймын. Себебі дебат арқылы халықтың саяси белсенділігі артады. Әр партия туралы өздерінде нақты түсінік қалыптасады», – деді  «Тұран» университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры Нұрболат Нышанбаев.

Сараптамалық алаңда жасанды интеллект тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мамандар жаңа технологияның сайлау науқанындағы рөлі артып, саяси контент әзірлеудің тиімді құралына айналғанын айтады.

«Мемлекет басшысы биыл – жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Цифрлық кодекс қабылданып, жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Бірқатар мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан саяси партиялардың бұл бағытты сайлауалды бағдарламаларында қалай көтеріп отырғаны маңызды», – деді қоғам қайраткері Ерлан Смайылов.

  Айта кетейік, соңғы жылдары елде азаматтардың саяси үдерістерге қатысуы күшейіп келеді. Мәселен, 2023 жылғы Парламент сайлауына қатысқан респонденттер үлесі 53 пайыздан асса, 2026 жылғы республикалық референдумда бұл көрсеткіш 75,3 пайызға жеткен. Сарапшылар мұны қоғамның саяси өзгерістерге қызығушылығы артқанының бір белгісі деп бағалайды.

Мәди Мәлік. Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Сайлау-2026: Республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді

Толық көрсету