Сарапшылар бизнес өкілдерінен жиі келетін үш сауалға тоқталды
«Салықтарды есептеу базасын біріздендіріп, бірыңғай төлем жүйесіне көшу қажет». Осылай деген сарапшылар салық жүктемесін азайту туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.
Президент Ұлттық құрылтайда «жаңа Салық кодексіне қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан барлық орынды ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда оған түзетулер енгізу керек» деген еді. Көп күттірмей бизнес өкілдері тарапынан ұсыныс айтылды. Мәселен, жұмыс берушілерлердің әр қызметкерге төлейтін салығын оңтайландыру керек деп отыр. Олар әр маманға бір емес, бірнеше міндетті төлем төлейді, бұл қосымша әкімшілік қиындықтар туғызады.
«Жұмыс берушінің жүктемесін азайтып, әкімшілендіруді жеңілдету қажет. Қазіргі кезде олар үшін жеті түрлі төлем өте көп. Бұл мәселені шешудің бір жолы – барлық төлемді біріктіріп, бірыңғай төлемге айналдыру, кейін оны тиісті қорларға, салықтарға және басқа аударымдарға бөліп тарату. Қазіргі олардың жүктемесі өте жоғары», – деді экономист Асқар Қысықов.
Сарапшылар жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілгелі бері бизнес өкілдерінен жиі келетін үш сауалға тоқталды. Алдымен, салық шегерімдерін пайдалануға енгізілген шектеуге қатысты сұрақ көп. Бұрын бизнес өз шығындарын есепке ала отырып, төлейтін салықты азайта алатын. Енді жаңа құжатқа сай, салық азайтылмайды. Одан кейінгісі, денсаулық сақтау саласындағы күрделі салық мөлшерлемелеріне қатысты болса, соңғысы, жүйенің жұмыс істеу тәртібіне қатысты көп сұрақ қойылды.
«Денсаулық сақтау саласында үш салық мөлшерлемесі қолданылады. Яғни, 16, 5 және 0 процент. Ал келесі жылдан бастап 10 пайыз ставкасы енгізіледі. Бұл мөлшерлемер әртүрлі жағдайда түрлі комбинацияда қолданылады. Сондықтан жүйеде сұрақ көбейіп, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды жеткізуде тәуекелдер тудырады. Бұл жағдай халыққа да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мәселе біз үшін аса маңызды болып отыр», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Сарапшылар бизнес өкілдерінен келіп жатқан түрлі сауалды саралап, Үкіметке ұсынған. Алайда кей мәселеге қатысты бастамалар қолдау тапса, енді бірінде пікірлер қақ жарылған. Ендігі үміт Парламентте. Жақын арада нақты ұсыныстарын енгізбекші. Егер Парламенттен қолдау тапса, күзде Салық кодексіне өзгеріс енуі мүмкін.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Алматыда су үнемдемеген көлік жуу орындарының жұмысы тоқтады