Сарапшылар Қазақстанда халық пен заңды тұлғалар үшін жылу тарифін теңестіруді ұсынды

Сарапшылардың айтуынша, тұрғындар көп жағдайда жылуды тиімді пайдаланбай, оны босқа ысырап етеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жылу ақысы халық пен заңды тұлғалар үшін бірдей болуы тиіс». Мұндай ұсынысты сарапшылар алға тартып отыр. Олардың пікірінше, тұрғын үйлерді энергиямен қамтамасыз ету бюджет ұйымдары мен заңды тұлғаларға қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Энергетика саласында жылдар бойы еңбек етіп жүрген Сергей Агафонов «халық та, заңды тұлғалар да, бюджеттік ұйымдар да жылуға бірдей ақы төлеуі тиіс» деп отыр. Оның сөзінше, Қазақстандағы жылу бағасы электр энергиясымен салыстырғанда 6-7 есе төмен. Сондықтан ол жылу тарифтерін тез арада қайта қарау қажет дейді. Олай болмаған жағдайда, саладағы қаржылық теңгерімсіздік салдарынан жылу желілерін мемлекетке қайтару үдерісі жалғаса беретінін айтады.

«Жуырда ғана сарапшы әріптесім зерттеу жүргізіп, біздегі электр энергиясының құнын әлемдік көрсеткіштермен салыстырды. Шамамен 190 мемлекеттің ішінде, Қазақстан тарифі ең төменгі 27 елдің қатарына кіреді. Яғни, біздегі электр энергиясының бағасы әлемдік орташа деңгейден үш есе төмен. Мен үнемі айтамын, біздің тариф 20 немесе 30 теңге емес, кемінде 100 теңге деңгейінде болуы тиіс», – деді Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов

Сарапшылардың айтуынша, тұрғындар көп жағдайда жылуды тиімді пайдаланбай, оны босқа ысырап етеді. Мұның бір себебі – тұтынуды реттеу тетіктерінің жоқтығы. Сондықтан олар пәтерлердегі жылу батареяларына арнайы реттегіштер орнатуды ұсынады. Мұндай құрылғылар бөлме температурасын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді және әлемнің көптеген елінде кеңінен қолданылады. Ал сала мамандары энергияны үнемдеу тетіктерін енгізу арқылы артық шығындарды азайтып, жылудың босқа ысырап болуына жол бермеуге болатынын айтады.

«Біз тұтынушылардың жылу тұтынуын реттей алмаймыз. Біздің міндетіміз – жылу өндіру және жеткізу. Ал басты мәселе – энергияны үнемдеу. Егер осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілсе, қазір босқа шығындалып жатқан жылу мен қаражатты үнемдеуге болады. Сонда жылу далаға кетпейді», – деді  «Астана-энергия» АҚ №1 жылу электр орталығының бас инженері Николай Манаков.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта жылу тарифтерінің өсу ықтималдығы жоғары. Бұған нақты себептер бар. Мәселен, отын құны, тасымалдау шығындары және металл жабдықтарының бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Сондықтан бұл – заңды үрдіс. Ал баршаға ортақ ақы төлеу мәселесі болашақтың еншісінде дейді.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар визасыз қайда бара алады