Сауда министрлігі: Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы бақылауда

25.06.2026 16:25

Жанель Кушукованың сөзінше, сауда орындарында 600-ге жуық тексеріс жүргізіліп, 150 тиімсіз делдал нарықтан шығарылған

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын көтергендерге 2 мыңнан астам айыппұл салынған. Мұндай ақпаратты Сенат кулуарында Сауда және интеграция вице-министрі айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жанель Кушукованың сөзінше, сауда орындарында 600-ге жуық тексеріс жүргізіліп, 150 тиімсіз делдал нарықтан шығарылған. Өңірлерде арнайы комиссия құрылып, алыпсатарлармен күрес жүргізіп жатыр. Вице-министр әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы бақылауда екенін айтты.

«Жергілікті атқарушы органдар сауда үстемесінің негізсіз өсуіне жол бермеу және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Өз тарапымыздан ішкі нарықты қажетті тауарлармен тұрақты қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда, маусымаралық кезеңде жеміс-көкөніс өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында импорттық өнімдерге салынатын кедендік баж салығы төмендетілді. Бұдан бөлек, ерте пісетін көкөністерді жеткізу жөнінде негізгі серіктес елдер – Өзбекстан, Тәжікстан, Пәкістан және Иранмен келісімдер жасалды», – деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.

Оқи отырыңыз: Елімізде вакцинадан бас тартқандар саны 5 есеге артқан