Облыстық аумақтық инспекцияның мәліметінше, шегірткелердің көбеюіне көктемдегі мол жауын-шашын мен қолайлы ауа райы себеп болған
Маңғыстау облысында шегіртке көбейіп, тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды. Олар зиянкестер ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтіріп жатыр деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv
Әлеуметтік желіде де олардың қаптап кеткені туралы жазбалар тараған. Облыстық аумақтық инспекцияның мәліметінше, шегірткелердің көбеюіне көктемдегі мол жауын-шашын мен қолайлы ауа райы себеп болған. Қазір мамандар бірлесіп мониторинг жүргізіп, зиянкестердің таралу ошақтарын анықтап жатыр. Жоспарға сәйкес, өңірде 11 мың гектардан аса жер химиялық өңдеуден өтеді. Оның 9 мың гектары Бейнеу ауданында, ал 2 мыңы Маңғыстау ауданында орналасқан. Мамандар шегірткелердің одан әрі таралуына жол бермеу үшін химиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
«Бұл жұмыс осы айдың басында басталды. Бейнеу ауданында 5 мың гектардан астам жерді өңдеген. Екі техника Маңғыстау аудандарында жұмылдырылды. Бұл жұмыстар осы айдың аяғында аяқталады», – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында 50 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды