«Семей орманындағы» өрттің ашық жалыны толық жойылды

Өрт сөндірушілер бықсыған ошақтарды толық сөндіріп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында болған ірі орман өрті оқшауланды. Ашық жалын жойылғанымен, өрт ошағындағы бықсыған аумақтарды толық сөндіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып, өрттің қайта тұтануына жол бермеуге күш салып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Өртті ауыздықтауға Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылды. Оларға әскери бөлімдердің жеке құрамы да қосылды.

Жалпы саны 800-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Өрт жақын маңдағы елдімекендерге таралған жоқ. Ал өткен тәулікте басталған тілсіз жау шамамен 370 гектар аумақты шарпыған.

«Одан бөлек, өртті сөндіруге 176 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ әуеден сөндіруге 7 тікұшақ тартылды. Кеше өрт басталғалы бері бір тәулік бойы өрт сөндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мұхит Рамазанов.

Өртті сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігімен қатар Ішкі істер министрлігі, Абай облысының әкімдігі және Қорғаныс министрлігінің авиациясы тартылды.

Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары өрт ошақтарына 219 мәрте ұшып, жалпы көлемі 474 тонна су төкті.

Әуе жұмыстарының нәтижесінде өрттің таралуы тежеліп, жердегі бөлімшелерге жалынды оқшаулауға мүмкіндік берді.

«Кеше өздеріңіз көргендей, өрт өте күрделі болды, жалын жоғары көтерілді. Соның бәрін сөндіріп, бүгін тек бықсып жатқан ошақтар ғана қалды. Енді бүгін-ертең сол бықсыған учаскелердің барлығын толық оқшаулаған кезде ғана өрт толық сөндірілді деп есептейміз», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Министрліктің мәліметінше, өрт ошағындағы жағдай тұрақты бақылауда. Мамандардың болжамынша, бықсыған ошақтарды толық сөндіруге тағы бірнеше күн қажет болуы мүмкін. Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. Жұмысқа аптап ыстық пен екпінді жел кедергі келтіріп отыр. Соған қарамастан құтқарушылар мен орман қызметкерлері түтіндеп жатқан жерлерді толық сөндіріп, өрттің қайта тұтануына жол бермеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Динара Ерболқызы, "Алматы" телеарнасы, Абай облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығы ашылмақ