Семейде Абайдың бұрын көрсетілмеген қолжазбалары мен құжаттары көпшілікке ұсынылды

Көрменің өзегі – Абай дәуірінен жеткен түпнұсқа құжаттар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абайдың осы күнге дейін көпшілікке ұсынылмаған құжаттары мен құнды қолжазбалары Семейдегі музейде көрсетілді. Абай күніне орай ұйымдастырылған «Абай дәуірі: құжаттар мен естеліктер» көрмесінде ақынның қоғамдық қызметіне қатысты тың деректер мен тарихи жәдігерлер топтастырылған. Олардың қатарында хакімнің өз қолымен жазылған хаттары, замандастарының естеліктері және сирек архив құжаттары бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Абай мұрасының бүгінгі күнге дейін аман-есен жетуіне оның ұрпақтары мен жақындарының еңбегі зор. Солардың бірі – Әрхам Кәкітайұлы. Ол 19 жасына дейін Абайдың жанында болып, ақынның тәлімін көрген. Кейін ұлы ақынның шығармаларын жинауға қатысып, өзі де Абай туралы құнды естеліктер қалдырды. Бүгінде Әрхам атаның қолында болған жәдігерлердің бірқатары музей қорында сақтаулы.

«Әрхам атам – Абайдың қасында болып, Абайдың немересі ретінде өскен кісі. 19 жасына дейін, Абай қайтыс болғанша, қасында болған. Абайды көзімен көріп, қасында болып, тәрбиесін алған. Абай атамыз қайтыс болғаннан кейін Кәкітай атамыз елдің қолында кеткен өлеңдерін жинайды. Әрхам атам сол кісінің қасында бірге жүріп, көмектескен», – деді Әрхам Кәкітайұлының жиені Рымбек Байзақов.

Көрменің өзегі – Абай дәуірінен жеткен түпнұсқа құжаттар. Құнанбайдың Халиоллаға, Абайдың Мағауияға және Сенатқа жазған хаттары, Қарамола жарғысы көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ ақынның көзін көрген замандастары мен ұрпақтарының естеліктері алғаш рет бір көрмеге топтастырылған.

«Абай заманында Абайдың көзі көрген Абай туралы естелік жазған оның талантты досы шәкірті Көкбай Жанатайұлының, Абайдың ұлы Тұрағұл Абайұлының әкем Абай туралы естелігі және де Әрхам Кәкітайұлының Абайдың өмір жолы, Ахат Шәкәрімұлының, Ниязбек Алдажаровтың музей қорындағы құнды қолжазбалары мен естеліктері көрме залына алғашқы рет ұсынылып отыр», – деді Экспозиция және көрме ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бұлбұлназ Уахметов.

Абайға қатысты әр жәдігер – ақын өмірінің бір үзігі. Көрмеге оның кісе белбеуі, шапанының көшірмесі және тоғызқұмалақ тақтасы қойылды. Сондай-ақ Абай шығармаларының 10 томдығы да келушілер назарына ұсынылды. Ұлы ақынның өмірі мен дәуірін құжаттар арқылы танытатын көрме Абай музейінде көпшілікке бір ай ашық болады.

Динара Ерболқызы, Абай облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті