Семейде рұқсатсыз қазылған көше батпаққа айналды: мердігерге қатысты хаттама толтырылды

Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар орталық суға қосылу үшін әр отбасы 255 мың теңгеден жинаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Семейдегі саяжай тұрғындары орталық су желісіне қосыламыз деп жолсыз қалды. 200 метрлік көшеге құбыр тартылғаннан кейін, жол опырылып, көліктер батып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар орталық суға қосылу үшін әр отбасы 255 мың теңгеден жинаған. Құбыр небәрі 10 күн бұрын тартылыпты. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Жаңа желіден су ағып, көше батпаққа айналған. Қазір тұрғындар үйіне көлікпен жете алмай отыр. Мердігер көшенің астан-кестеңін шығарып, қалпына келтірмей тастап кеткен. Тұрғындар болса көліктерін алысқа тастап, жаяу жүруге мәжбүр.

«Жұмыстан келгенде балалар көлігін алысқа қалдырып, жаяу келеді. Батып қалса, кім шығарып береді», – деді қала тұрғыны Күлшат Қамшанқызы.

«Көлігі барлар суға батады. Жаңбыр жауса, саз. Қазды, қайта жапты. Екі тәулік бойы түнімен жөндеді», – деді қала тұрғыны Маукен Жүнісов.

Тұрғындардың айтуынша, мәселе тек су құбырындағы ақауда емес. Құбыр төселген аумақтың топырағы дұрыс тегістелмеген. Соның салдарынан 200 метрлік көшенің жолы шөгіп бара жатыр. Ал әкімдік бұл жұмысқа рұқсат бермегенін айтты.

«Суды қай уақытта тартқанын білмейміз. Өйткені рұқсат қағазын алмаған. Әрбір қала, көше бойындағы жер қазу жұмыстары бойынша, міндетті түрде жеке тұрғындар болсын, заңды тұлғалар болса да бөлімнен келіп,  арнайы рұқсат қағазын алу керек», – деді қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Увасилов.

.Яғни, тұрғындар орталық суға өз бетімен қосылған. Жол қазуға тиісті рұқсат та алмаған. Осыған байланысты жауапты мердігер мекемеге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Енді тұрғындар жолдың қашан қалпына келтірілетінін күтуде.
Динара Ерболқызы, Семейден

Оқи отырыңыз: Шымкентте алименттік қарыз көлемі рекордтық көрсеткішке жетті