Семейге Алматыдан екі кенгуру жеткізілді
Қазір экзотикалық жануарлар жаңа ортаға бейімделіп жатыр
Семейдегі биологиялық орталыққа Алматыдан қос бірдей кенгуру жеткізілді. Қазір экзотикалық жануарлар жаңа ортаға бейімделіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кенгурулардың есімдері — «Тик» және «Тик 1». Олар Семейге 2 күн бұрын жеткізілген. 2022 жылы туған екі еркек кенгуру бірге өскен. Хайуанаттар бағы мамандарының айтуынша, тасымалдау кезінде жануарлар қатты күйзеліске түспепті. Қазір тәбеті жақсы, көкөніс және жемістер, шалғын шөбі, жоңышқа және ағаш бұтағы беріліп жатыр.
Сонымен қатар сұлы мен кебектен дайындалған ботқа да беріледі. Витаминдер де арнайы жоспармен қосылады. Қыста кенгурулар жылы павильонда қыстайды.
«Қыста олар жылы павильонға көшіріледі. Ондағы температура шамамен 25–30 градус болады. Яғни кенгурулар үшін жылы орын қарастырылған. Көкөніс пен шөптің рационы өзгермейді. Тек жазда бұтақтарды балғын күйінде берсек, қысқа қазірден бастап бұтақтарды жинап, кептіріп дайындап жатырмыз. Қыста оны дәрілік өсімдіктермен бірге береміз», – деді Балалар биологиялық орталығы директорының орынбасары Юлия Миршанова.
Оқи отырыңыз: Қала көркін ашқан өнер: Алматыдағы муралдар тарих пен тұлғалар бейнесін сөйлетуде