Жоғарғы палата 890 пленарлық отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заң жобасын қабылдады
Сенаттың қорытынды отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар сараланып, заң шығару қызметінің нәтижелері қорытындыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Отыз жыл бойы заң шығару ісіне үлес қосқан Сенаттың соңғы отырысы өтті. Сенаторлар қорытынды жиында да жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, ел үшін маңызды бірқатар заңды қарады. Соның бірі – «Топырақты қорғау туралы» заң. Құжат екі оқылымда қаралып, депутаттардың қолдауына ие болды. Бұл заңның қабылдануы бекер емес. Себебі елімізде топырақтың тозуы өзекті мәселеге айналып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, зерттелген 53,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің 2,7 миллион гектары деградацияға ұшыраған.
«Топырақ – қайта қалпына келмейтін ресурс және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің негізі. Топырақтың жағдайына агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығы, ауылдық аумақтардың дамуы және азаматтарымыздың әл-ауқаты тікелей байланысты. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, климаттың өзгеруі мен адам әрекетінің салдарынан еліміздің көптеген өңірлерінде жердің деградациясы күшейіп, жердің шөлге айналу қатері артып отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Зәкіржан Күзиев.
Ал жаңа заңдағы негізгі өзгерістерге келсек, енді жер иелері мен жер пайдаланушыларға топырақ құнарлылығын сақтау бойынша міндетті талаптар қойылады. Сондай-ақ оның жай-күйін бағалап, деградациясының алдын алатын арнайы мониторинг жүйесі енгізіледі. Бұған қоса, агрохимиялық талдаулар тұрақты жүргізіліп, жер ресурстарын басқару ғылыми негізде жүзеге асырылады.
«Жердің сапасы төмендеу болса, фактілер анықталса, тексеріс жүргіземіз. Ол тексеріс бойынша нақты жер инспекторы қандай себептер болғанын қарайды, ол ұтымды ма, ұтымсыз ба? Егістік айналым болды ма? Барлық факторларды тексеріп, содан кейін шешім қабылданады», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Сенаттың күн тәртібіндегі мәселелер мұнымен шектелмеді. Депутаттар бірқатар халықаралық келісімді қарап, нотариаттық қызметке қатысты заңды да қабылдады. Кейін отырысты қорытындылаған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев депутаттар өздеріне жүктелген міндетті толық орындағанын айтып, Құрылтай жұмысына сәттілік тіледі.
«Бәріміз жақсы жұмыс істеп, керекті еліміз үшін заңдарды қабылдап, Конституцияны жүзеге асыру үшін тиісті біраз заңдарды қабылдап, кодекстерге өзгерістер енгізіп, конституциялық заңдарды қабылдадық. Жаңа Қазақстан, мәдениетті Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға үлесімізді қостық десек, артық болмас», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Парламент Сенаты 1995 жылы құрылған. Содан бері жоғарғы палата 890 пленарлық отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заң жобасын қабылдады. Осы уақыт ішінде 246 азамат Сенат депутаты атанды. Ал Парламенттің кезекті сессиясы ертең Президенттің қатысуымен өтетін Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысынан кейін ресми түрде жабылады.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Жаңа Ата заңға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтатылады