Шетелде тұратын қазақстандықтардың зейнетақысы қалай төленеді - заң жобасы ұсынылды
Құрылтайға шетелде тұратын азаматтарға зейнетақы төлемдерін төлеу тәртібін нақтылауға бағытталған заң жобасы енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заң жобасына сәйкес, шетелде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу үшін азаматтың өзі тұратын мемлекетте осыған ұқсас зейнетақы алмайтынын жыл сайын растауы көзделеді. Мұндай растау ұсынылмаған жағдайда зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартуға немесе оларды төлеуді тоқтата тұруға негіз болуы мүмкін.
Осыған байланысты 2026 жылғы 18 мамырда Конституциялық Соттың № 79-НҚ нормативтік қаулы қабылдағанын атап өткен жөн. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы азаматтары заңда белгіленген өзге де талаптарды орындаған жағдайда, олардың Қазақстан аумағында тұрақты тұруы мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындаудың міндетті шарты бола алмайтынын көрсетті.
Сонымен қатар, Конституциялық Сот зейнетақымен қамтамасыз ету құқығының туындау шарттары мен зейнетақы төлемдерін тоқтату негіздерінің аражігін ажыратты.
Атап айтқанда, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кету тиісті төлемдерді тағайындау үшін Қазақстанда тұрақты тұруы заңда міндетті шарт ретінде белгіленген адамдарға қатысты құқықтық мәнге ие.
Оқи отырыңыз: Отбасының цифрлық картасы: әл-ауқатты бағалау кезінде не ескеріледі