Шаттыққа толы мекен: әлеуметтік орталықта балалар тоғызқұмалақтан жарысты

«Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығында 13 жыл толды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығында тәлім алатын балалар Наурыз мейрамын әдеттегіден өзгеше тойлады. Олар биыл жаңадан ашылған тарихи жәдігерлер мен төл аспаптарға толы бөлмеде мерекені қарсы алып, мәдени іс-шара өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Өтіп дәурен бара жатыр. Сіз бен бізге білінбей-ау». Бүгін күллі қазақ жұрты білетін дәл осы әуенмен әжелер орталықтағы Наурыз мейрамының шымылдығын түрді. Есті шығармалар орындалып, дәстүр дәріптелген іс-шарада жаңадан ашылған кабинеттің таныстырылымы да қатар өткізілді.   

 «Жас ұрпаққа, жасөспірімдерге қазақ салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау, таныстыру және осы қызмет алушылардың бойына сіңіру және ұлттық кодты жаңарту мақсатында жасалып жатыр», – деді  «Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығының басшысы Анаргүл Оспанова.

Наурызнама онкүндігінің аясында ұйымдастырылған кеште орталық тәлім алушыларына баланы бесікке бөлеудің артықшылығы түсіндіріліп, асық пен тоғызқұмалақ ойыны үйретілді. Одан бөлек қызметкерлер қыз бен жігіт айтысының ерекше үлгісін көрсетті. Қызығы сол, жиынға орталыққа келетін балалардың ата-аналары да қатысып, ақжарма тілегін жеткізді.

 «Менің қызымның келгеніне 1,5 жылдай болып қалды. Өте қуанышпен, сондай бір талпыныспен келеді. Өзі сүйреп алып, мені ұйықтап жатқан жерімнен «тұр кеттік» деп алып жүреді. Өзіне сондай ұнайды, өйткені бұл жерде апайлары, ағайлары мейірім шапағатын төгіп тұрғанын сезеді. Бала деген сезімтал ғой», – деді  қала тұрғыны Гүлмира Базарбаева.

Жоспарға сай, енді дәл осы кабинетте тәлім алушылар қазақтың төл мәдениетін меңгеріп, көкжиегін кеңейтеді. Атап өтерлігі, орталыққа келушілерге 8 түрлі қызмет түрі ұсынылады. Қатарында, емдік шаралар да бар. Балалар дене шынықтырады. Оңалту бағдарламаларына қатысады. Психологиялық көмек алады.  

«Отыруды, тамақ ішуді, киім киюді білмейтін балалар болады. Мамандардың ерік-жігерінің, үздіксіз жұмыстарының арқасында балалар жақсы нәтижелерге жетіп жатыр. Алты айда, ал кейде бір жыл уақыт кетеді. Мамандардың мейіріммен қарағанын, өздерінің жүрекпен келіп қабылдағанын өте жақсы көреді», – деді «Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығының әдіскері Бота Тұрғанбекқызы.

 «Үлкен жоспарды алға қойып отырмыз, оның ішінде әртүрлі әлеуметтік кепілдіктерді жеткізу, жақсы жайлы жұмыс орындарын қалыптастыру, қызметкерлеріміздің жазғы уақыттарда жақсы демалыстарын ұйымдастыру сияқты іс-шаралар ұамтылады», – деді «Қызмет» салалық кәсіподағы филиалының төрайымы Данагүл Айнақұлова.

Шаттық мекеніне айналған Шапағаттың құрылғанына биыл 13 толып отыр. Орталық бөлімшелері қаланың 5 ауданында жұмыс істеп тұр. Онда 270 бала тәлім алады.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданында магистральдық газ құбырының ауқымды құрылысы жүргізілуде

Новости партнеров