Шатыры желге ұшып, құбырлары шіріп кеткен: Таразда көпқабатты үйдің жаңғырту жұмыстары басталмай жатып тоқтап қалған

Мердігер мекеме өкілдері жұмысты тұрғындар өтінген соң бастағанын айтқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараз қаласында 60 жылдан бері жөндеу көрмей, тоз-тозы шыққан көпқабатты үйдің жаңғырту жұмыстары басталмай жатып тоқтап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала орталығындағы бұл баспана 60 жыл бұрын салынған. Содан бері жөндеу көрмеген үйдің қазір шатыры желге ұшып, төбесі құстың саңғырығына толған. Оған қоса кәріз жүйесі мен құбырлары да шіріп, әр тұстан жертөлеге су сорғалап жатыр. Көпқабатты үй екі жыл бұрын қайта жаңғыртылатын үйлердің тізіміне қосылған. Тіпті көктемде құрылысы басталып та кеткен. Алайда құрылысшылар бастаған істерін аяқсыз қалдырыпты. 

«Жөндеу жұмысын бастады да «қаражат жоқ» деп тоқтатып тастады. Жертөледе жылу берсе құбырдың бәрі жарылады. Қорқамын, балалар бар ғой», – деді қала тұрғыны Ақерке Төлегенова.

Ал әкімдік өкілдері болған жайтқа мердігерді кінәлайды. Өйткені жөндеу жүргізуге әкімдіктен рұқсат алмаған. Тіпті қайта жаңғырту үшін қаражат бөлінбеген де.

«Құрылыс заңсыз. Біздің келісім жоқ. Қаражат бөлінсе ғана келісімшарт жасалады. Сол кезде бастауға рұқсат береміз біз. Оған дейін бастауға рұқсат жоқ. Өз еркімен бастаған», – деді «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС басшысының орынбасары Отжан Сексенбаев. 

Мердігер мекеме өкілдері жұмысты тұрғындар өтінген соң бастағанын айтқан. Кіреберістердің сылағын қырып, жертөлені тазалау үшін жеке қаржысын жаратқан. Бұқараның бұл жайын қысқа қалдырмай, қаржы бөлінгенше үйдің тозған тұстарын өз ақшасына жөндеп бермек.

«Республикалық бюджет жылда күзге қарай келетін. Халық «баста» деп өтінген соң бастап кеттім. Шатырды уақытша істеп береміз. Жертөледеғ кәріз желісі, ыстық,су құбырын уақытша жамап, жасап береміз», – деді құрылыс компаниясының бас инженері Санжар Әбдіқапаров.

Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы биыл жаңғырту жұмыстарына мүлде қаржы бөлінбеді дейді. Сондықтан жоспар бойынша биыл жөнделуі тиіс 73 көпқабатты үйдің құрылысы келер жылға  қалып отыр.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Алматыда су және кәріз желілеріндегі маусымдық жұмыстар толық аяқталды

Новости партнеров