Шағын және орта бизнес секторында салықты азайту және төлеуден жалтару тәсілдері бар - министр

Мемлекет басшысы биыл Үкіметтің алдына жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономика үлесін 15 пайызға дейін азайту міндетін қойған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы биыл Үкіметтің алдына жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономика үлесін 15 пайызға дейін азайту міндетін қойған. Билік қара нарықпен күреске жасанды жадыны пайдаланғанымен, кей салада жасырын схемалар әлі күнге өзекті болып тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев шағын және орта бизнес секторында салықтарды барынша азайту және төлеуден жалтару тәсілдері барын жасырмайды. Сөзінше, бір ғана заңды мекенжайға бірнеше компанияны тіркейтіндер көп. Мәселен, 3576 мекенжайға 20 мыңға жуық компания тіркелген. Олардың берешегі 60 миллиард теңгеден асқан. Одан бөлек, жекелеген кәсіпкерлердің кассалық тәртіпке бағынбауы да салық түсімдерінің азаюына әсер етіп отырған көрінеді.

«2024 жылы 402 мыңға жуық бақылау-кассалық машинасы немесе тіркелгендердің 39 пайызы чек бермегені анықталды. Сонымен қатар 16755 бақылау-кассалық машина POS-терминалдар мен QR-төлемдер бойынша түсімдер болғанымен чек берілмеген. Бір ай бойы күніне тек бір ғана чек шығарып келген немесе түсімнің бірдей сомасын көрсетіп келген 260 мыңға жуық салық төлеуші анықталды. Айтып өту керек, тиісті жұмыстардың нәтижесінде 400 мың кассаның ішінен биыл 70 мың кәсіпкер чек бере бастады», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Қаржы министрлігі акцизделетін тауарлар бойынша көлеңкелі айналымды шектеу мақсатында таңбалау талаптарын күшейтіп, ережелерді бұзғандарға жауапкершілік бекітті. Мәселен, биыл 9 айда нарықтан құны 4 миллиард теңге болатын 1 миллион литрден астам алкоголь, 6,6 миллион қорап темекі өнімі алынған. Ал Қаржы мониторингі агенттігі болса жыл басынан бері қаражат айналымы 24 миллиард теңге болатын 81 қолма-қол ақша жасайтын топтың жолын кескен.

 «Қылмыстық кірістерді жылыстату схемаларына тартылған 130 крипто-биржаның қызметін тоқтаттық. Көлеңкелі өндіріске қарсы күрес аясында темекі және алкоголь өнімдерін шығаратын 18 жасырын цех жойылды. Бұдан басқа, көлеңкелі айналымнан жалпы құны 12 миллиард теңге болатын вейптер жойылды. Бұл заңсыз нарық ауқымын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов.

Қаржы министрлігі экономиканы көлеңкеден шығару үшін жасанды интеллект пен цифрлық теңгені пайдалануды қолға алған. Алайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз  екенін айтты. Сондықтан, мүдделі министрліктерге осы мәселені мықтап қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ экономиканы цифрлық жаңғырту шеңберінде мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік органдар арасында көш бастауы тиіс екенін баса айтты.

«Тек жүйелі қадамдар ғана мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа сервистік моделін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, цифрлық бастамаларды іске асыру үшін тиісті ресурстар қажет. Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі келесі жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің өз алдына Деректерді өңдеу орталығын құруы керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновү

«Қазақстанға таза әрі ашық экономика керек. Бұл бағытта барлық мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің жұмысын күшейту қажет». Бүгін баяндамашыларды тыңдаған Премьер Олжас Бектенов жауаптыларға осылай деп пәрмен берді. Ақ жағалылар есеп берумен ғана шектелмеуі тиіс. Экономика және салық тұрақтылығы, цифрландыру, сондай-ақ бизнес жүргізуді оңайлату ісінде сапалы әрі кешенді шешімдер ұсынуы керек  екенін ескертті.

Аршат Әдәлжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Алматыда су және кәріз желілеріндегі маусымдық жұмыстар толық аяқталды

Новости партнеров