Шегіртке 4-5 гектар жерімді жеп кетті: Түркістан облысындағы шаруалар шығынға батуы мүмкін

Үкімет биыл Түркістан мен Жамбыл облысында шегірткемен күреске 7,1 млрд теңге бөлген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында шегірткеден Келес пен Шардара ауданындағы шаруашылықтар шығынға батуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба Шардара ауданында түсірілген. Балаларымен бірге тынымсыз еңбек еткен ана бақша көктеп, өнім береді деп үміттенген. Алайда егінге шегіртке шабуылдап, бір түп өнім қалдырмай, түгел жеп кеткен. Өңірдегі тұрғындардың көпшілігі осы ана секілді маңдай тер, табан ақысының еш кеткенін айтып, жыларман хәлге түскен.

 «Бір күннің ішінде 4-5 гектар жерімді жеп кетті. Енді жоғарыдан көмек келмесе, ұшақтан дәрі себуі керек. Дәрінің түк тиімділігі жоқ. Бір-екі сағаттан кейін шегірткелер тіріліп кетіп жатыр. Жәрдем бермесеңіздер, болмайды. Шардараға жұт келеді. Диқандар несие алған. Баспанасынан айырылып қалады», – деді диқан Сапарғали Қойайдаров.

Еске салсақ, Үкімет биыл Түркістан мен Жамбыл облысында шегірткемен күреске 7,1 млрд теңге бөлген. Зиянкестерді улауға тіпті дрондар да тартылған. Бірақ диқандар соның нәтижесін көре алмай отырмыз деп ашынады. Ал облыстық Ауыл шаруашылық басқармасы қазірге дейін 450 мың гектар жер химиялық өңдеуден өткізілгенін мәлімдеді.

«Республикалық бюджеттен 192 мың гектарға жуық Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Негізі 909 аспалы бүріккіш, 233 дана жер үсті бүріккіштері тартылды. Тауар өндірушілерден 54 дана арнайы техниканы жұмылдырып, қысқа мерзімде аяқтауды жоспарладық», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ақтөре Әлібекұлы.

Нақты қанша шаруаның шығынға батқаны белгісіз. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі зиянкестердың таралу аймағы былтырмен салыстырғанда аз деп отыр. Бүгінге дейін 1,5 млн гектарға жуық жер зерттеліп, 572 мың гектарда шегіртке барын анықталған.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Мейрамханадағы атыс: бір адам жарақат алды

Новости партнеров