Шерзат ісі бойынша сот үкімі: 9 адамға қандай жаза тағайындалды

Жасөспірім өліміне қатысты істің нүктесі қойылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.  Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен басты сотталушы Абзал Шынасыл адам өлтіру, бұзақылық және қылмысқа оқталу баптарын арқалап, 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалғандарына да түрлі мерзімге жаза тағайындалды. Сот процесі 7 ай тергеу мен 2 айлық сот отырыстарынан кейін аяқталды. Сондай-ақ судья Ержан Жанұзақ екі куәгердің әрекетіне құқықтық баға беру үшін жеке қаулы шығарылғанын мәлім етті. Қоғам назарындағы сот процесі жайлы Аlmaty TV тілшісі Әйкерім ПЕРНЕБЕК баяндайды.

Бүгін атышулы Шерзат Полат ісіне қатысты соңғы үкім кесілді. 16 жастағы жасөспірімді өлтіру бойынша судья Ержан Жанұзақов мемлекеттік айыптаушының сұранысын толық қанағаттандырды. Ашып айтсақ, Шерзаттың өліміне кінәлі деп танылған Абзал Шынасыл 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал Равиль Сәкиев 20 жылға, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Нұрқияс Ильясов 9 жылға сотталды. Шыңғыс Белқожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметовты 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шықты. Кәмелет жасына толмаған сотталушы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

«Сот үкім етті: Қылмыстық кодекстің 58 бабының төртінші бөлігіне сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен Абзал Нұрғалиұлы Шынасылға түпкілікті 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленсін. Шынасылға жазасын өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін. Күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгізілгенге дейін өзгеріссіз қалдырылсын», - деді судья Ержан Жанұзақов.

Сот үкімінен кейін ауданаралық сот ғимаратының алдында жағдай ушықты. Сотталушылардың туыстары көз жасына ерік беріп, олардың бірі есінен танып қалды. Олар шешіммен келіспейтінін білдіріп, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Ал жәбірленуші тарап үкімді әділетті деп есептегенімен, қылмыс неге топпен жасалған деп танылмағанына таңданысын жасырмады. Бұл тұрғыда судья егжей-тегжейлі түсініктеме берді.

«Аталған сот талқылауы БАҚ өкілдерінің қатысуымен толық және ашық өткенін атап өту қажет. Барлық сот отырысы жұртшылық тарапынан жоғары назар аудару жағдайында тікелей эфирде көрсетілді. Бұған қарамастан, сот тек қана заң нормаларына және әділдік принципін басшылыққа ала отырып, бейтарап ұстанымды ұстанды. Соттың тәуелсіздігі және құқық үстемдігі, сот төрелігінің негізі және ешқандай да бір сыртқы мән-жайлар бұл ұстанымнан тайдыра алмайды», - деді судья Ержан Жанұзақов.

Азаматтық талап бойынша Абзал Шынасылдан 60 миллион теңге, Равиль Сәкиевтен 30 миллион теңге өндіру туралы шешім шықты. Қалған сотталушылар шығынды бірлесіп өтеуі тиіс. Кәмелетке толмаған айыпталушыға қатысты азаматтық талаптар қойылмады. Сонымен қатар сот куәгерлер тарапына байланысты жеке қаулы шығарып, оны прокуратураға жолдады.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Шерзат ісі: айыпталушыларға қандай үкім шықты

Новости партнеров