Келесі сот отырысында айыпталушылар сөз алады
Марқұм Шерзат Полаттың әкесі төбелесті бастауға бұйрық берген адамның кім екенін айтты. Беттестіру кезінде түсірілген бейнежазбада Қаржаубай Нұрымов куәгерлердің бірінің тапсырмасынан кейін қақтығыс басталғаннын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов келесі сот отырысында тағы сұралады. Аталған шешім айыпталушылардың адвокаты жолдаған өтініштен соң мақұлданды. Қорғау тарабының мұндай сұрау салуына әлеуметтік желідегі «Чикаға» қарсы пікірлер себеп болған.
Айта кетейік, бұған дейін желіде төбелесті бастауға бұйрық берген сол беймәлім азаматтың кім болуы мүмкін екені жарияланған. Бұл болжамға Қаржаубай Нұрымовтың беттестіру кезіндегі жауабы да сай келген. Бүгінгі отырыста көрсетілген видеода жәбірленуші «Чика» лақап атындағы Санат Әбдіқадыр бұйрық бергеннен кейін төбелес басталғанын айтады.
Процесске куә ретінде қатысып, сотта жауап берген Санат Әбдіқадыр бұған дейін марқұм Ғайыпбаев екеуінің арасында болған әңгімені жеткізген. Ал беттестіру барысындағы бейнежазбада ол бар деректі жоққа шығарған. «Сотталушыларды танымаймын» деген куә «Делайте» деген сөзді айтпадым деп отыр.
Айта кетейік, бүгінгі процессте 7 адам куә ретінде түсінік берді. Тағы 10 адам отырысқа келген жоқ.
«Шерзат алға қарай жүгіріп кетті. Одан кейін ағасы да сол жаққа қарай жүгірді. Қателесуім де мүмкін, бірақ сол кезде дүкеннің қасында тұрған жігіт «ат» деп айқайлады. Кейіннен баланың анасы мен басқа да жігіттер жүгіріп кетті. Анасы «балам» деп айқайлап, қорғаштай бастады. Жерде жатқан Шерзатты ұрып жатқандарын да көрдім», – деді куәгер Наргиза Низамединова.
Жәбірленуші тараптың қорғаушылары бұған дейін сұралған кей куәгерлердің тікелей жауап беруден қашып, маңызды мәліметтерді еске сақтамауларының астарында басқа мән бар деп ойлайды.
«Бәрінің бірдей жауап беруі түсінікті шығар. Куәгерлер бірден сұраққа алынбады, арада бірнеше күн өткенде ғана түсінік беруге келді. Осы аралықта айтар сөзін жүйелеп алды ма деп ойлаймыз. Жасыратыны жоқ, бізде мұндай күдік бар», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.
Келесі сот отырысында айыпталушылар сөз алады. Олар оқиғаға қатысты өз нұсқаларын айтқан соң қылмыстық іске тіркелген материалдар зерттелмек. Процесстің жалғасы ертең сағат 10:00-ге белгіленді.
Мадина Оқас, Мирас Анитов, Талдықорған
Еске салайық, сотталушылардың туыстары шу шығарды
Нұрғанат Ғайыпбаевтың түсініктемесі оқылды
Дана Жақсыгелді сотталушылардың қолынан пышақ пен мылтық көргенін айтты
Нұрбекованың тергеу кезіндегі жауаптары талқыланды
Қаржаубай Нұрымов оқиғаның қалай басталғанын айтты
Шерзаттың анасы оқиғанын қалай болғанын айтты
Судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Шерзаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді
2024 жылы 4 қазанда төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болды.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Биыл ақпанда Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған