Бүгінгі саяси науқан барысын 14 мемлекеттің өкілдері бақылап отыр
Атом электр стансасының құрылысына қатысты республикалық референдумда 12 миллионнан аса қазақстандық өз таңдауын жасайды. Бүгін елде барлығы 10 мың 323 дауыс беру учаскесі жұмысын бастады. Саяси науқан барысын елордадағы Орталық референдум комиссиясы бақылап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Орталық референдум комиссиясының жоспарланған үшінші брифингі өтті. Бұған дейін екі баспасөз конференциясы өткен еді. Осы уақытқа дейін өңірлерде қанша қазақстандықтың таңдау жасап үлгергені мәлім болады.
Маңызды саяси науқанға шетелдегі отандастарымыз да атсалысып жатыр. Әлемнің 59 елінде 74 дауыс беру учаскесі құрылды. Шекара асып кеткен 12 мыңнан аса қазақстандық дауыс беру құқығына ие.
«Сағат 08:15-тегі жағдай бойынша шетелде 26 референдім комиссиясы жұмысын бастады. 48 учаске ашылды. Жақын арада Еуропа және Орта Шығыс жұмысын бастайды. Жалпы шетелдегі азаматтардың дауыс беру үрдісі жоғары белсенділікпен өтіп жатқанын байқаудамыз», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Уақыт айырмашылығына байланысты шетелдегі дауыс беру учаскелерінің ішінде алғашқы болып Жапония мен Оңтүстік Корея өз жұмысын бастады. Бұл жақтағы отандастарымыз түнгі сағат 3.00-ден таңдау жасауды бастап кетті.
Жалпы, бүгінгі саяси науқан барысын 14 мемлекеттің өкілдері бақылап отыр. Орталық референдум комиссиясы әр сағат сайын ақпаратты жаңартып, брифинг өткізіп отырады.
Оқи отырыңыз: Референдумда шетелде жүрген 12 мыңнан астам отандасымыз дауыс береді