Америкалық нейробиологтардың айтуынша, осындай контенттер мидың хабенула аймағына теріс ықпал етеді
Бүгінде ұзақ уақыт видео қарауға адамдардың жүйкесі шыдамайды. Оксфорд университеті 2024 жылғы сөздігінде "шіріген ми" деген тіркесті енгізді. Америкалық нейробиологтардың айтуынша, осындай контенттер мидың хабенула аймағына теріс ықпал етіп, назар мен эмоциялық күйге зиян келтіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арман Қайырұлы Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде 10 жылдан бері жұмыс істейді. Жастарды менеджмент мамандығына баулып жүрген оқытушы пандемия адамдардың интернетке тәуелділігін арттырып, денсаулығына кері әсер тигізгенін айтты. Күніне 8-9 сағатын әлеуметтік платформаларға жұмсаған мұғалім мұндай өзгерісті әуелі өзінен байқаған. Уақыт өте келе ол бір іспен ұзақ айналыса алмайтынын, бастаған кітабын аяғына дейін жеткізбейтінін, жалпы ойлау қабілетінің құлдырағанын аңғарыпты. Бұл тәуелділіктен арылу үшін ұстаз мамандарға жүгінбестен өзін-өзі қолға ала бастайды.
"Мен күніне 8-9 сағаттай телефон қараймын. Бір нәрсеге талпыну, кітап оқу, жаңа игеруге зауқым соқпайды, тәуелді боп қалдым. Бірақ қазір өзімді шектедім", – деді менеджмент саласының маманы Арман Жұмабаев.
Ал әлемді жайлаған, бәлкім жалмаған әлеуметтік желі адамдардың да өміріне әбден еніп алған. Ішкен жегенінен бастап, жүрген-тұрғанын жеке парақшасына жүктейтін жұрттың өмірі біреуге қызық, біреуге әңгіме. Бірақ бәрі бірдей телефонға телміретіндерін мойындамайды.
"Барлық адам тик-ток, инстаграммды қолдану керек. Бірақ оны қолдану әр адамның өзіне байланысты. Жақсы жағынан қолданса, жақсы көмегін береді. Ал жаман жағынан қолданса, кері әсерін тигізеді", – деді қала тұрғыны Сәбина Әнуарова.
Психологтар көп тұрған судың саситынын біледі. Олар «қысқа әрі сапасыз контенттер сананың дұрыс жұмыс істеуіне кедергі» деді. Себебі телефонды шамадан тыс пайдалану адамның интеллектуалды тұрғыда құлдырауға ұшырауына әкеп соғады деген де болжам бар. Тіпті өмір сүруге деген ұмтылысы жоғалып кетуі де ғажап емес. Мамандардың мұның бәрі мидың шіруіне ықпал ететінін айтты.
"Рилстар өте қысқа, қысқа мерзімді. Біздің миымыз ұзақ алгоритімді сақтау үшін жаралған. Ол рилс ауыса береді де сондықтан адамның миының назар аударуы, шоғырлануы бәсеңдеуі мүмкін, көбінесе мидың хабенула аймағына әсер етеді. Хабенула аймағы эндокриндік жүйелермен тығыз байланысты. Сондықтан мидың осы аймағы көбінесе эмоционалдық жай-күй мен мотивацияға қызметі етеді", – деді психолог Аида Өмірзақова.
Мамандар мұны әзірге дерт деп есептемейді. Алайда бұған тәуелділік психологиялық ауру тудыруы мүмкін. Сондықтан телефонсыз күн көре алмайтындардың тым болмаса қысқа бейнероликтерді көп көрмегені жөн.
Әсем Бахытжанова, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толды