ШҚО-дағы жол апаты: қаза тапқан 5 адам заңсыз таксидің жолаушылары болған

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кеше Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан қаза тапқан бес адамның заңсыз таксидің жолаушылары болғаны анықталды. Toyota Estima көлігі Өскемен – Риддер автожолының 48-шақырымында ЗИЛ жүк көлігіне соғылған. Бір адам жараланды. Ал жүк көлігінің жүргізушісі жолда ақау шыққандықтан, апат кезінде кабинада болмаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Заңсыз таксидің жүргізушісі жолаушыларымен бірге Өскемен қаласына бағыт алған. Жол апаты салдарынан олардың бесеуі, соның ішінде шетелдік көліктің иесі де оқиға орнында қаза тапты. Бір адам жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қаза болғандардың тұлғасы анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның себептері мен мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.

Белгілі болғандай, такси жолаушыларының бірі – 67 жастағы әйел аман қалған.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, оның төс сүйегі мен оң қолы көгерген. Науқас ауруханаға жатудан бас тартқан.

Айта кетейік, ШҚО-да жан түршігерлік жол апатынан бес адам қаза тауып, бір адам жараланғаны, қаза тапқандардың жеке басы мен жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып жатқаны туралы хабарланды.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 17 жастағы қыз үш жыл бойы қорлық көріп келген

Новости партнеров