Ол 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Полицейлер Өскемен қаласына басқа облыстан келген есірткі таратушыны ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тінту кезінде жедел уәкілдер ер адамнан экстази таблеткаларын, 30 грамдай α-PVP және 40 грамға жуық мефедронды тәркілеген. Анықталғандай, ол қыркүйек айында Өскеменге басқа облыстан келіп, жалдамалы пәтерде тұрып жатқан.
«Еш жерде жұмыс істемеген жігіт танымал мессенджердегі парақша арқылы есірткі таратумен айналысты. Айғақ ретінде күдіктінің смартфонындағы синтетикалық есірткілерді жасыратын орындардың фотосуреттері мен басқа да өндірілетін есірткі туралы мәліметтер алынды», - делінген ақпаратта.
Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді аса ірі мөлшерде беру, өткізу немесе жөнелту мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қонаев қаласында жол апатынан 48 жастағы әйел көз жұмды