Шымкентте мектеп оқушысы пойыздың үстіне шығып, тоққа түсті

Дәрігерлердің айтуынша, жеткіншектің жағдайы ауыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Суретке түсемін деп, ажал құша жаздады. Шымкентте мектеп оқушысы пойыздың үстіне шығып, тоққа түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс оқиға екі күн бұрын Шымкент вокзалында болған. 11 жастағы  бала ойнап жүріп, жүк пойызының үстіне шығыпты. Сол сәтте оны 27 мың вольтты тоқ соққан. Болған жайтты сол маңайда жүрген өзге балақай көріп, дереу жедел жәрдем шақырған. Бүгінде бұл істі полиция тексеріп жатыр.

«ҚР ҚК теміржол көлігі пайдалану және қозғалыс талаптарын бұзу фактісі бойынша сот тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге де ақпараттарды жариялау ҚР ҚПК талаптарына сәйкес жария етілмейді», – деді Шымкент стансасы желілік полиция бөлімінің басшысы Нұрлан Қошқарбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, жеткіншектің жағдайы ауыр. Себебі денесінің 80 пайызын күйік шалған. Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, қараусыз қалған бала үшін ата-анасы заң алдында жауап береді.

«11 жастағы тұрған вагонның үстіне шығып, суретке түсемін деп, тоққа түсіп жатыр. Оның барлығын балалық деп санаймыз. Дегенмен бүкіл ережені, темір жолда қалай жүру керек екенін, қандай қауіп бар екенін ата-ана түсіндіріп айтады. Екіншіден, мектептегі мұғалімдер. Теміржол өз қолынан келетін іс-шараны қолданады», – деді Магистральдық желі дирекциясының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Серік Айқынбеков.

Жауапты мамандар «қанша жерден түсіндіру жүргізілсе де, қауіпсіздікке салғырт қарау тоқтар емес» дейді. Биыл Шымкент стансасында 6 оқиға тіркелген. Ең сорақысы – ережеге бағынбай жүргендердің көбі ересектер.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Шымкентте полиция қызметкері бір әйелді қағып, көз жұмды

Новости партнеров