Тұран шағынауданындағы үш мыңға жуық үй кәрізсіз отыр
Кәріз жүйесі жыр болды. Шымкенттіктер төрт жылдан бері лас суды ауладағы септикке шығарудан шаршаған. Иісін мүңкітіп ай сайын екі рет тазалауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұран шағынауданындағы үш мыңға жуық үй кәрізсіз отыр. Тұрғындар амалсыздан ауласына септик қазып, сонымен күнелтіп келеді. Ал оны тазалауға ай сайын 30 мың теңге кетеді. Жылдар бойы жауыр болған бұл мәселеге құлақ асар ешкім табылмаған.
«Жолдың екі шетін қазып тастаған. Қысы-жазы көлік тығылып қалады. Адамдар балшықпен жүріп жатыр. Жаз кезінде маса қаптап кетті. Әркім есігінің алдынан септик қазып алған. Негізі бұл жерде маса болмаған», – деді қала тұрғыны Әбдірахман Кузеров
Кәрізден бөлек, жұрттың тағы бір түйткілі – көшеге толған мал. Мегаполис атанса да, қалада сиыр айдап, қой қайыру әлі күнге тоқтамаған. Мәселен төрт түлігін көшеде баққаны үшін биылдың өзінде 200-ден астам адам жазаланған.
«Мал көшеде көп жүреді. Жайылым жоқ, Жылқы, сиыр кешке бала-шаға ойнаған кезде теуіп жібіре ме деп қорқамыз», – деді қала тұрғыны Асқар Бекботаев.
Ашуға булыққан халық қала әкімінің алдына бір-ақ барды. Сол кезде ғана жауаптылар қимылдап, жауап берді. Оның айтуынша, Тұранды жобалау кезінде өрескел қателік кеткен. Соның салдарынан талай құрылыс тоқтап қалған.
«Тұран шағынауданындағы кәріз желісі бойынша «сақалды құрылыс» дейміз. Жоспар бойынша 2022 жылы тапсыру керек еді. Бірақ осы 1 айдың ішінде оны тапсырамыз», – деді Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов.
Ал қала әкімі малын қалада баққандарды тек қалтасынан емес, төрт түлігінен айыруды тапсырды. Қазір көшедегі сиыр мен жылқыны мал базарға қамаққа алу қарастырылып жатыр. Құрғақ уәдеден шаршаған халық нақты нәтижені күтеді.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Түркістандық спортшы жаңа рекорд орнатты