Жергілікті халық жағдайдың төртінші рет қайталанып жатқанын айтты
Шымкенттіктер су астында қалды. Кеше мұндағы канал тасып, он шақты тұрғын үйдің ауласын су шайған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тіпті қаладағы балабақшаға дейін зардап шегіпті. Қатты тасқын қоршауларды құлатып, қабырғаларды қисайтқан. Жергілікті халық жағдайдың төртінші рет қайталанып жатқанын айтты. Ал «мәселені шешеміз» деген әкімдік әлі үнсіз отыр.
«Бір сағат көлемінде су тасыды. Қабырғаларды су тесіп өтіп, алаңда ойнап жатқан балаларды су шайып кете жаздады. Бірден кіргізіп үлгердік», – деді балабақша басшысы Болат Балабеков.
Кейіннен тасыған судың дендросаябақты суаруға арналған «Бадам» арнасынан келгені белгілі болды. Қазір тұрғындар мен коммуналдық мекеме қызметкерлері лай басқан аулаларды тазалап жатыр. Жауаптылар тасқынға арнаның қоқысқа толуы себеп болуы мүмкін деген болжам айтты. Ал зардап шеккен жұртқа нақты қандай көмек көрсетілетіні әлі де белгісіз.
«Сушар» мекемесіндегі сушылар зерделеумен айналысып жатыр», – деді Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әбдірахманов.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысында дауылдан бір адам қайтыс болды