ШҚО-да 70 мың тонна пайдалы қазбаны заңсыз өндіргендердің әрекеті әшкереленді

22.01.2026 15:34

Олар 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан

Видеодан кадр

Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында орналасқан «Глинковское» кен орнында ЖШС басшысы пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіру мен өткізуді ұйымдастырған. Компанияның лицензиясы тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана құқық берген. Алайда пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік көлемде өндіруге рұқсат болмаған.

"Соған қарамастан, іс жүзінде темір құрамды тау жынысын өндіру, оны қайта өңдеу, жинақтау және ішкі нарықта, сондай-ақ Қытай Халық Республикасына өткізу жұмыстары жүргізілген. Ауыр арнайы техниканы қолдану қоршаған ортаға теріс әсер етіп, жер бедерінің табиғи қалпының бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан", - делінген ведомство хабарламасында.

Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан. Алынған қылмыстық табыс сомасы 1 млрд теңгеден асқан.

Аталған қаражатқа күдіктілер жылжымалы және жылжымайтын мүлік: бизнес-орталық, Алматы қаласындағы пәтер, «LAND ROVER RANGE ROVER» маркалы автокөлік, 2 автотұрақ орны және 2 жер телім сатып алған. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

"Айта кетсек, бұған дейін Департамент Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы аумағындағы «Шыбынды» және Самар ауданының «Кенкарын» учаскелерінде ауыр арнайы техника мен өнеркәсіптік жабдықтарды пайдалана отырып, алтынды заңсыз өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан. Аталған заңсыз әрекеттер орман алқаптарының кесілуіне, өзен арналарының өзгеруіне және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына әкеліп, экологияға елеулі зиян келтірген.", - деп атап өтті ҚМА өкілдері.

Заңсыз кен өндіруді тоқтату табиғи ортаның одан әрі бүлінуінің алдын алып, өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне төнген қатерді жоюға мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз: Тегін электронды кітап: прокуратура интернет-алаяқтықтың жаңа түрін атады