СҚО-да құс өлімі көбейді: шығын 13 мың бастан асты
Құстардан алынған сынамалар зерттеу үшін елордаға жіберілген
«Балапанды күзде санайды» дейді халық даналығы. Бірақ Солтүстік Қазақстан облысының Шаховское ауылында биыл балапан емес, қырылған құстың саны есепке алынып жатыр. Соңғы екі аптада ауыл тұрғындары мыңдаған қаздан айырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нина Пискунова отбасымен кәсіп бастап, табыс табамыз деген үмітпен 300 қаз балапанын сатып алған. Алайда оның 100-ге жетер-жетпесі қалыпты. Оның айтуынша, үй құсының жаппай қырылуы 2 апта бұрын басталған. Алдымен құстың өзін-өзі ұстауы өзгеріп, артынша ауру белгілері пайда болған, бірнеше сағаттан кейін өліп қалған. Тіршілік белгісінсіз жатқан қаздарды күніне тіпті бірнеше рет жинауға тура келеді.
«Іші өтеді. Сосын бір-бірін шоқып, тістей бастайды. Басы айналғандай болады да, құлап қалады. Құстарды қарызға алғанбыз, ақшаны қайтаруымыз керек. 200-ден астам сау құсты шығарып, бұл жақтан әкетіп үлгердік. Оларға шамамен миллион теңге жұмсадық деуге болады. Дәрі-дәрмектің өзі арзан емес. Құс тұмауына қарсы вакцина да салдық, бірақ көмектеспеді», – деді Шаховское ауылының тұрғыны Нина Пискунова.
¤Құстардың неден қырылып жатқаны әзірге белгісіз. Ал ауыл тұрғындарының басым бөлігі балапандарды қарызға алып, күзде сатып, жұмсаған қаржысын еселеп қайтаруды көздеген. Бірақ табыстың орнына шығын көбейген.
«Кешке қаздардың бәрі сау болатын. Таңертең тұрсақ, 57-сі өліп жатыр. 250 тірі қаздан қазір 80 құс қалды. Олардың бәріне вакцина салынған. Кейбір адамдар үш күннің ішінде 800, тіпті мың басынан айырылды. Қазір сатуға дайын тұр. Ең төмен дегенде 10 мың теңгеден есептесек, бір миллион 700 мың теңге шығын. Көпшілігінің несиесі бар. Дәрумені, жемі – бәрі қымбат», – деді Шаховское ауылының тұрғыны Абдулсамат Досанов.
«Ветеринарларды шақырдық. Олар «бәрі қырылады, емдеуге келмейді» деді. Екі айға толмаған құстың иммунитеті әлсіз болады екен. Сондықтан қырылу өте көп. Ауылда бұл індет екінші рет қайталанып отыр. Біз шындықты білгіміз келеді. Бұл қандай ауру? Құс алған дұрыс па, жоқ па? Алдағы жылдары оларды күтіп баптауға бола ма екен?» – деді Шаховское ауылының тұрғыны Николай Фомин.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қырылған құс саны бірнеше мыңға жеткен. Ресми мәлімет бойынша, шығын қазірдің өзінде 13 мың бастан асқан. Өлген құстар жиналып, мал қорымына жеткізіліп жатыр. Ал аурудың нақты себебі әзірге белгісіз. Құстардан алынған сынамалар зерттеу үшін елордаға жіберілген. Ветеринар мамандардың алдын ала болжамы бойынша, бұл – құстың жұқпалы ауруы. Оған қаздарды күтіп-баптау жағдайы мен құжатсыз әкелінген қанаттылар себеп болуы мүмкін.
«Бұған себеп – Башқұртстаннан заңсыз әкелінген, құжатсыз құстар болуы мүмкін. Бұл құстардың өте тар жерде орналасуына, яғни антисанитариялық жағдайдың қалыптасуына әкеліп отыр. Қазір қаздардың орнын дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал өлген құстарды тексердік. Жоғарғы тыныс алу жолдары таза болып шықты. Сондықтан бұл жағдай құс тұмауына ұқсамайды. Ал зертханалық талдамалардың нәтижесі әзірге дайын емес. Дегенмен пастереллез болуы мүмкін деген болжам бар», – деді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов.
Аймақта былтыр да құстар жаппай қырылып, бұл жағдай көршілес Бугровое ауылында болған. Сол уақытта да құстардың қырылуына пастереллез себеп болды деген болжам айтылған. Алайда ауыл тұрғындары құстардан алынған сынамаларды тәуелсіз сараптамаға Алматыға жіберіп, ондағы мамандар құс тұмауы болуы мүмкін деген қорытынды жасаған.
Гүлмарал Изатқызы, Петр Акутионов, СҚО
Оқи отырыңыз: Астанада ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды