ШҚО-да Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол ашылды
Таулы аймақтағы ауқымды жобаға 21 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған
Шығыс Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі аяқталуға жақын. Қауіпті жолдарымен ел аузында жүретін Өскемен – Алтай бағытындағы Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның бойында еліміздегі ең биік көпірлердің бірі салынған. Бұқтырма өзенінің саласы Пихтовка үстінен өтетін алып өткел жүргізушілерді ұзақ кептеліс пен қар көшкіні қаупінен құтқармақ.
Биік көпірі бар жаңа жолдың ашылуы – Алтай өңіріндегі көлік қатынасы үшін маңызды өзгеріс. Қыста қарлы боран мен көшкін салдарынан жолдар жабылып, көлік қозғалысы тоқтайтын. Ал ауыр жүк көліктеріне бұл бағытпен жүру мүлде мүмкін емес еді. Олар қосымша 600 шақырымға дейін айналып өтуге мәжбүр болатын. Енді бұл мәселе шешіліп, жаңа тасжол мен биік көпір қатынасты едәуір жеңілдетті.
«Жыл сайын Серебрянка жолында қар көшкіні болатын. Ал мына жаңа жолда ондай жағдай болмайды деп ойлаймыз. Әрине, жол өте жақсы, сапалы салынған. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатыр», - деді Алтай ауданының тұрғыны Қанат Садықов.
Таулы аймақтағы табиғи кедергілерді еңсеру үшін инженерлер көпірді түзу бағытта емес, доға тәрізді етіп жобалаған. Құрылысшылардың айтуынша, бұл – ең тиімді шешім.
«Егер жолды түзу саламыз десек, мына шатқалды түгел топырақпен толтыру керек болар еді. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Өйткені бірнеше миллион текше метр топырақ әкеліп, оны қабат-қабатымен нығыздауға тура келеді. Ал мұндай жұмысқа біраз жыл кетеді», - деді көпір құрылысының маманы Ниғматулла Абдулхаков.
Жол салу үшін жартастарды біртіндеп жарып, кесуге тура келіпті. Тауды қопарып, жол төсеу жұмыстарының ауқымы тәжірибелі мамандардың өзін таңғалдырған.
«Тас тиелген 70 мыңға жуық жүк көлігі тау жыныстарын тасып шығарды. Таудың бір бөлігі тұтастай кесіліп, жол салынды. Құрылыс кезінде осындай күрделі техникалық жұмыстар атқарылды», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Таулы аймақтағы ауқымды жобаға 21 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жол активтері сапасы ұлттық орталығының мамандары материалдардың 17 сынамасын талапқа сай емес деп тапқан. Соның салдарынан мердігер компания өз қаражатына 25 мың шаршы метр жолдың жоғарғы асфальт қабатын қайта төсеуге мәжбүр болды. Барлық құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сай болғаннан кейін ғана нысан толық пайдалануға берілмек.
«53 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 40 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 13 миллиард теңге облыстық бюджеттен құралды. Бұған қазір көптеген жолдар жөндеуден өтуде, соның нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайыздан асты», - деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.
Жаңа көпірдің ашылуы – тұтас өңірдің дамуына серпін беретін маңызды жоба. Енді Бұқтырма жағалауына, Қатонқарағай ұлттық паркіне және Рахман қайнары шипажайына жыл он екі ай қатынауға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта өңірді көршілес облыстармен және халықаралық бағыттармен байланыстыратын тасжолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасады.
Айдана Шалқар, Руслан Мұхмедьяров, ШҚО
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында Балқаш-2 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды