Алдын-ала мәліметтерге сенсек, жасөспірім сыныптан әжетханаға сұранып шыққан
Солтүстік Қазақстан облысында оқушы қыз сірке суын ішіп уланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жағымсыз жайт кеше Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылында болған. Алдын-ала мәліметтерге сенсек, жасөспірім сыныптан әжетханаға сұранып шыққан. Сонда 70 пайыздық сірке суын ішіп, салдарынан химиялық күйік алыпты. Біраз уақыттан кейін мектеп қызметкерлері оқушыны ауыр жағдайда тауып, жедел жәрдем шақырған. Алдымен қыз баланы шұғыл түрде аудандық ауруханаға апарып, кейіннен санитарлық авиациямен Петропавл қаласына жеткізген. Дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан жасөспірімнің жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Аталған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Нақты бір шешім айтуға, болжам жасауға әлі ерте. Бірақ науқас ем қабылдап жатыр. Барлық медициналық көмек көрсетілуде. Жансақтау бөліміне жатқызылды», – деді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-хатшысы Гүлнәр Қалиева.
«Мектепте оқушымызға жағымды мінездеме берілген. Ешкіммен ешқандай сөзге келіп, жанжалға қатыспаған. Оқушылармен, мұғалімдермен жақсы қарым-қатынаста болған. Оқиға болғаннан кейін мектепке психологиялық қолдау орталығының мамандарынан құралған мобильді топ жіберілді», – деді Білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Оқи отырыңыз: Былтыр елімізде донорлық ағза жетпеген 342 науқас көз жұмды