СҚО-да үй құстары тағы да қырылып жатыр

Бұл жолы Шаховское ауылының тұрғындары шығынға ұшырап отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-да үй құстары тағы да жаппай қырылып жатыр. Бұл жолы Шаховское ауылының тұрғындары шығынға ұшырап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаз, тауық, үйрек – қырылған үй жануарларының көпшілігінде құс тұмауын еске салатын ортақ бір белгі байқалған. Ауыл тұрғындары күйінсе де, сол дерттен жойылған жануар өлексесін жинауға мәжбүр. Еңбек зая кеткендіктен, көпшілік күйзеліске де батқан. 

«Құстардың іші өтті. Түсі өзгеше, жасыл. Олар тамақ пен судан түгелдей бас тартты. Көзі жасаурап, бас бөлігін ұстай алмайтын болып қалды. Бұл белгілердің барлығы құс тұмауының көрінісіндей. Ал оқиғаның өзі ауылда екі апта бұрын басталды», – деді Шаховское ауылының тұрғыны Әдемі Қалмұрзина

Жанат Ғаббасов болса, құс шаруашылығын дамыту үшін несие алған. Бірақ осы жағдай әсер еткендіктен, бірнеше күннің ішінде табысының көп бөлігінен айырылып қалыпты.

«Несиені осы жылы рәсімдегенбіз. Шамамен 6 миллион теңге. Жем-шөпті де қарызға алдық.. Енді құс атаулы түгелдей қырылып жатыр. Мемлекеттен өтемақы күтеміз. Барлығы 890 бас құс бар еді, соның тең жартысы қырылды. Қалғаны аман қалады дегенге де сенбеймін», – деді Шаховское ауылының тұрғыны Жанат Ғаббасов.

Ермағамбетовтер отбасы да шаруашылығының күйрегенін айтты. 7 мың бас құстың 2 мыңы жаппай қырылған. Кәсіпкер жайттың нақты себебін анықтау үшін тәуелсіз сараптама жасатпақ. 

«Алғашқы күні-ақ келіп, «Бугровоедағыдай пастереллёз» деді. Бірақ неге бірден мұндай қорытынды шығарғанын түсінбедім. Бүгін Омбыға көлік жіберемін, тәуелсіз сараптама жасатқым келеді. Ал шығын шамамен 35 миллион теңгеге жуықтайды», – деді Шаховское ауылының тұрғыны Еркебұлан Ермағамбет.

Мал дәрігерлері «Карантин енгізіле ме, жоқ па? Аурудың себебі неде?» деген сұрақтардың жауабын әзірге айта алмай отыр. Ал белгісіз инфекция шаруашылықты күйретіп барады. Мамандар қазір қырылған құс өлекселерін елдімекен сыртындағы полигонға шығарып, жойып жатыр.

«Патологиялық материал алынды. Сол күні-ақ облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды. Ал жануарлардың қаны мен зақым алған ағзасы республикалық зертханаға жіберілді. Тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді Қызылжар ауданы Ветеринариялық стансасының директоры Ербол Багенов.

Еске салайық, бұл - Солтүстік Қазақстанда тіркелген екінші жайт. Бұған дейін Бугровое ауылында құстардың жаппай қырылғаны анықталған болатын.

Рүстем Айткәрім, Пётр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз: Заңсыз құрылыс: Қарасай ауданында 350-ге жуық үлескер ақшасын қайтара алмай жүр

Новости партнеров