Заңсыз құрылыс: Қарасай ауданында 350-ге жуық үлескер ақшасын қайтара алмай жүр

Олар 3 жыл бұрын 1,5 миллиард теңге құйған тұрғын үйдің қызыл сызық үстіне салынып жатқанын жақында білген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Қарасай ауданында 350-ге жуық үлескер заңсыз салынған баспанасының ақшасын қайтара алмай жүр. Олар 3 жыл бұрын 1,5 миллиард теңге құйған тұрғын үйдің қызыл сызық үстіне салынып жатқанын жақында білген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көпбалалы ана Әсел Өксікбаева «жеті баламен келіп, құрылыс алаңына қонудан өзге амалам қалмады» дейді.  Үш жыл бұрын ол 11 миллион теңгесін құрылыс компаниясына құйып, «жаңа пәтердің есігін ашамын» деп сенген. Бірақ содан бері не баспана жоқ, не құйған ақшасы жоқ.

 «7 миллион теңгемді қайтарып беріңізші. Қазір 11 миллион теңгеге қора да сатып ала алмайсың, бәрі қымбаттап жатыр. Ұятың бар болса «Investment Stroy-дың» алаяқтары ақшамызды қайтарып беріңдер. Жылатпаңдар. Жеті баламның көз жасына қалмаңдар», – деді үлескер Әсел Өксікбаева.

Әсел секілді тағы үш жүз елуге жуық тұрғын шамамен 1,5 миллиард теңгесін осы компанияға сеніп тапсырған. Көбі тұрғын үй кешенінің рұқсат етілмеген жерге салынғанын тек жақында білген. Көпшіліктің айтуынша, құрылыс компаниясы талапты елемей, пәтер сатуын тоқтатпаған.

«2023 жылы өтірік құжатты көрсетіп, сендірген болатын. Біз сеніп, 350 адамдай ақшамызды құйдық. Кейін білсек, бұл кісілер соттан ұтылып қалған. Бұл пәтерге олардың рұқсат қағазы жоқ, біріншіден. Екіншіден, үш жыл болды бірінші блокты бітіре алмай жатыр», – деді үлескер Әділет Әбенов.

Ал құрылысты жүргізіп жатқан компания өкілдері бұл мәселеге қатысты түсінік беруден бас тартты. Ал басшылары жұмыс орнында болмай шықты.

Бұл тұрғын үйі кешені былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда ол қызыл сызықтың үстіне салынғандықтан, құрылысы тоқтату туралы шешім шыққан. Алайда заңсыз жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Енді үлескерлер ақшаларын қалай қайтарарын білмей отыр.

Ал Қарасай ауданы сәулет бөлімінің мәлімдеуінше, бұл учаскеге құрылыс жүргізу туралы рұқсат құжаттар 2023 жылдың сәуірінде берілген. Алайда жарты жыл өтпей жатып, рұқсаттың заңсыз рәсімделгені анықталып, аудандық прокуратураның ұсынысымен құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Бұл туралы компанияға ресми түрде ескерту де жасалыпты.

«2023 жылы рұқсат құжаттары қайтарылғаннан кейін, бөлім өз тарапынан хаттама жолданған. ГАСК өз тарапынан шара қолданып, айыппұл салған. Заңбұзушылықтарын қалпына келтірмегеннен кейін сотқа беріп, бүгінгі таңда сот шешімі бойынша кешен сүрілуі тиіс», – деді Қарасай ауданы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінсұлтан Ержанұлы

Қарасай ауданының әкімдігі енді арнайы жұмыс тобын құрып, мәселені бір айдың ішінде шешіп береміз деп уәде етті. Ал сан соғып қалған үлескерлер болса, топтық арыз жазып, құқық қорғау органдарына жүгінуге кірісті.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков, Алматы облысынан

Оқи отырыңыз: Астанада жеделсаты құлап, бір адам көз жұмды

 

 

Новости партнеров