СҚО-ның тұрғындары қақаған аязда суық үйде бүрсең қағып отыр

Қалалық әкімдік көпқабатты үйге жылу толыққанды берілгенін мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-ның тұрғындары қақаған аязда суық үйде бүрсең қағып отыр. Жарты айдан бері Петропавлдағы бірнеше тұрғын үйде толыққанды жылу жоқ. Жұрт жылытқыштарды күні-түні қосып қоюға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сақылдаған сары аязда Петропавлдағы бірқатар тұрғын үйде толыққанды жылу жоқ. Салдарынан пәтер қабырғасы суланып, көгеріп кеткен. Тұрғындардың сөзінше, жылы күннің өзінде үйдегі температура 18 градусты әрең көрсетеді. Ал түнде одан да суық. Сондықтан жұрт электр пешін қосып қоюға мәжбүр.

«Қабат-қабат киініп аламыз. Түнде бірнеше көрпе жамыламыз. Пештің өзі көмектеспей қалатын кездер болады. Түнде оны қосып ұйықтауға да қорқасың. Қызып кетпеуін қадағалайсың. Таңертең баламды сабаққа жіберерде, тіпті қиын», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Раиса Пономарёва.

«Жылу жоқ, бірақ жылу үшін ай сайын ақша төлеп отырмыз. Пеш қосқанымыз үшін жарыққа тағы төлейміз. Жауаптыларға барсақ, уәдеге тойдырып шығарып салады. Шаршап кеттік. Жылы аймақ болсақ бір жөн», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Галина Венечук.

Ал қалалық әкімдік көпқабатты үйге жылу толыққанды берілгенін мәлімдеді. Сөзінше, кейбір тұрғындар жылу жүйесін өз бетімен өзгерткен. Яғни құбырларды ауыстырған. Сондықтан жылу дұрыс жетпей жатқан көрінеді.

«Тұрғындар техникалық дайындық актісін рәсімдемей, жылумен қамту жүйесіне  жөндеу жүргізген. Мәселені шешу үшін талапқа сәйкес құжаттарды рәсімдеп, ПИК төрағасымен ақылдасып, қайта қалыпқа келтіру қажет. Жылу бәріне бірдей беріліп отыр», – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.

Әкімдік өкілі айтқандай, құжаттарды рәсімдеп, бәрін қалпына келтіру тағы уақыт алады. Ал оған дейін тұрғындардың суық үйде тұрып, күтуден басқа амалы жоқ.

Диана Тұрлыбек, Петр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында әкесі үш жастағы қызын өлімші етіп сабаған

Новости партнеров