СҚО-да кісі өлтірді деп айыпталған жасөспірімдер ұзақ жылға сотталды

09.11.2024 15:18

Олар қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне аттанады

elements.envato.com

Солтүстік Қазақстанда кісі өлтірді деп айыпталған екі жасөспірім ақыры сотталды. Осыған дейін оларды алқабилер ақтап шыққан болатын. Бірақ іс апелляциядан кейін қайта қаралып, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қос азаматқа үкім шығарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

Аталған оқиға былтыр М. Жұмабаев ауданы Медвежка ауылында болған. Екі жасөспірім (қылмыс жасаған уақытта екеуі де кәмелет жасына толмаған) ауыл тұрғынын өз үйінде өлтіріп, оның 150 мың теңгесін қолды қылған. Ал бұған дейін айыпталушылардың бірі әжесі мен досынан 2 млн теңгеден астам қаржыны ұрлап кеткен.

Осылайша, Максим Ивановский мен Евгений Баширов ҚР ҚК 192 бабы 3 б. 4 т. (Қарақшылық) және ҚК 99 бабы 2 б. 7 т. (Адам өлтіру) бойынша сондай-ақ, біреуі тағы ҚР ҚК 188 бабы 3 б. 1,2,3 т. (Ұрлық) айыпталған болатын. Алайда істі алқабилердің қатысуымен қараған облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алғашқы екі бап бойынша оларды ақтап шыққан. Ал Максим Ивановский бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін ғана екі жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Мұндай шешіммен келіспеген жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсірді. Сөйтіп, 16 тамыз күні Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алқабилердің қатысуымен шешілген ақтау үкімінің күшін жойып, қылмыстық істі соттың өзге құрамындағы жаңа сот қарауына жолдады.

Осы жолы да сот алқабилердің қатысуымен жабық режимде өтті. Прокурор қылмыс жасады деп айыпталған қос азаматты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

"Алқабилердің қатысуымен сот Максим Ивановский мен Евгений Башировты кінәлі деп тауып, оларды 12 жылға бас бостандығынан айырды. Баширов жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады. Ал Ивановский кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне аттанады", — деп жазылған облыстық соттың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта..

Сот айыпталушылардың жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде олардың қылмыс жасаған кезде кәмелет жасқа толмағанын ескерді. Ал Ивановский мен Башировқа қатысты ауырлататын мән-жайлар көрсетілмеген және сотпен анықталмаған

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты