Пәкістанда вокзалда жарылыс болып, 24 адам қаза тапты

09.11.2024 17:20

Сондай-ақ 44 адам жарақат алған

Фото: REUTERS/Naseer Ahmed

Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясындағы Кветта теміржол вокзалында жарылыс болып, кем дегенде 24 адам қаза тапқан, сондай-ақ 44 адам жарақат алған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жарылыс пойыз перронға келер сәтте вокзал кассасында алдында болған.

"Жарылыстан қаза тапқандар саны 24 адамға жетті. Жарылыстың негізгі нысанасы жаяу әскер училищесінің сарбаздары болған", - деді Белуджистан полициясының бас инспекторы Муззам Джа Ансари.

Оның айтуынша, жараланғандардың көпшілігінің жағдайы ауыр.

"Қазірге дейін 44 адам ауруханаға жеткізілді", - деді аурухана өкілі доктор Васим Баиг.

Полицияның мәліметінше, жарылысты жанкешті-лаңкес жасаған және тергеу жүріп жатыр.

"Жарылыс теміржол вокзалында Пешаварға баратын пойыз таңғы сағат 9.00-де жолға шықпақ болған кезде болған, дегенмен сол сәтте пойыз әлі платформаға келіп үлгермеген", - делінген полиция хабарламасында.

Жарылыс үшін жауапкершілікті ешбір топ өз мойнына алған жоқ.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты