СҚО-да шаруалардың жер телімін келісімсіз сатып жіберген

15.09.2025 19:46

Компания өкілдері мәселеге қатысты жауап айтудан бас тартты

Солтүстік Қазақстан облысында тағы дау шықты. Бұл жолы Новосветловка ауылының тұрғындары жер телімдеріне қатысты құжаттардың еш келісімсіз, қысқа мерзімнің ішінде қайта рәсімделгенін айтып, шағымданып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ауылдағы дау көптен бері шешілмей келеді. Анықталғандай, жер телімдеріне алғашында иелік еткен компания директоры жалған хаттама дайындап, көпті сан соқтырыпты. Тұрғындардан келісім де сұрамай, жарамсыз қолтаңбалардың көмегімен, 18 мың гектар жерді банкке кепілге қойған. Содан кейін аумаққа шектеу енгізіліп, өзге инвестор келген. Құжаты жоқ әрі үлескер алдындағы міндетін орындамаған ол егін жиналғаннан кейін де жұрттың өтемақысын бермеген. 2021 жылы өңірдегі ағайын әділетсіздікке тосқауыл қойып, өзге фирманы шақыртыпты. Компания қаражатты уақытылы төлеген. Дегенмен, биыл жазда іс қайта күрделеніпті. Халықтың айтуынша, мәселеде де заң бұзушылықтың бары байқалады.

«Неге сонша асығады? Екі сағаттың ішінде, демалыс күні жерді рәсімдеу деген қалай? Бұған құқық қорғау органдары араласуы керек шығар. Себебі мұндай жеделдіктің өзінде күдік бар», – деді Новосветловка ауылының тұрғыны Қуанбек Даниев.

Тұрғындар жер телімдерін өзгелер қарайтын болса, жағдай тағы қиындай ма деп қауіптенеді. Қазірдің өзінде көпшілікке астық түріндегі төлемнің тоқтайтыны жөнінде хабарлама берілген. Егер бұл уәде іс жүзінде орындалса, ауыл азаматтары таршылық көреді. Себебі, елдімекендегі жұрттың табысы тікелей мал шаруашылығымен байланысты.

«Біздің 60 гектар жеріміз бар. Бұрын 3 тоннадан артық астық алып жүрдік, жеткілікті еді. Биыл тағы беріледі. Ал келесі жылы алмайсыңдар, себебі жерді үлескерлерсіз сатып алдық деп фирма басшысы ашық айтты. Тұрғындар сонда қалай күн көреді? Мал шаруашылығына байланып отырмыз. Басқа амалымыз жоқ. Өйткені ауылда жалақы өте аз», – деді Новосветловка ауылының тұрғыны Елена Клинк.

Ауыл азаматтары Бас прокуратурадан бастап, Президент Әкімшілігіне дейін шамамен 200 шағым жолдаған. Көпшілік нақты нәтиже байқалмайтынын айтты. Ал аудан әкімдігі мәселенің барын жасырмады. Жаңа инвестормен жуық арада келіссөз жүргізілетінін мәлімдеді.

«Алдағы уақытта аудан басшылығы компания өкілдерімен кездеседі. Түсіндірме жұмысы жүргізіліп, тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету, егіннің үлесін беру тақырыптары қозғалады. Ауылдағы жүргізілетін инвестициялық жобалар туралы да сөз қозғаймыз», – деді Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Ардақ Тасқынбай .

Ал компания өкілдері мәселеге қатысты жауап айтудан бас тартты. Тұрғындар болса, Бас прокуратура араласпаса, жерімізді қайтара алмаймыз деп отыр. Биылғы егіннен өз үлесін алатын олар, келер жылдан кейін жағдай өзгере ме деп қорқады.

Рүстем Айткәрім, Нұргүл Алина, Қазыбек Арықбаев, СҚО

Оқи отырыңыз: Әлімжеттік құрбаны: Жамбыл облысында 2 оқушы көз жұмды