Мал қорымы көлден 70 метр жерде: Қостанай облысының тұрғындары алаңдаулы
Аудан әкімдігі мәселені назарға алатынын мәлімдеді
Қостанай облысындағы Мәскеу ауылының тұрғындары елдімекен маңында мал қорымын салуға қарсылық білдірді. Жергілікті жұрт нысанның қажеттігін жоққа шығармайды, алайда құрылысқа таңдалған орын ауыз су сапасы мен қоршаған ортаға кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұрғындардың айтуынша, мал қорымы ауыл маңындағы су айдынына жақын орналасқан. Сондай-ақ осы аумақта елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз ететін ұңғыма бар.
– Біріншіден, бұл жерде су айдыны бар. Қамыс басып кеткенімен, онда балық бар. Су жиналған жерде балалар мен ересектер де демалады. Бұдан бөлек, бізде бұрыннан мал қорымы бар. Ол елдімекеннен алыс емес, биіктеу аумақта орналасқан. Оның маңында көл де, жерасты сулары да жоқ, – деді ауыл тұрғыны Виталий Чупринин.
Жергілікті тұрғындар жаңа нысан салынып жатқан аумақта жерасты сулары бар екенін айтады. Коммуналдық шаруашылық өкілдері де мал қорымының су айдынына жақын орналасқанына назар аударды.
– Мал қорымы су жиналатын шұңқырдан, яғни көлден небәрі 70 метр жерде орналасқан. Оның үстіне нысан биіктеу жерде тұр. Көктемде қар еріген кезде су мал қорымынан төмен қарай ағып, осы су айдынына құйылуы мүмкін. Теміржолдың арғы жағында елдімекенге ауыз су жеткізетін ұңғыма орналасқан. Яғни осы аумақта жерасты ауыз су қоры бар, – деді коммуналдық шаруашылық басшысы Аман Аянов.
Ал Мәскеу ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұқанов құрылыс туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
– Геологиялық барлау жүріп жатыр. Сондықтан құрылыс туралы айтуға әлі ерте, – деді ауылдық округ әкімі.
Алайда аталған аумақта құрылыс жұмыстарының белгілері байқалады. Оған кімнің және қандай негізде рұқсат бергені әзірге белгісіз. Осыған байланысты ауылға Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясының өкілдері барған.
Мамандардың мәліметінше, көлдің айналасында су қорғау аймағы белгіленбеген. Дегенмен мұндай нысанды салу үшін тиісті келісім қажет.
– Су кодексінің талаптарына сәйкес, су қорғау аймақтарында мал қорымын орналастыруға қатаң тыйым салынады. Жер телімін бөлу және қандай да бір жұмыстарды келісу туралы инспекцияға ешқандай өтініш түскен жоқ, – деді Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясы Су қорын қорғау бөлімінің басшысы Наталья Герасимова.
Аудан әкімдігі мәселені назарға алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ мал қорымын салуға арналған орынды басқа аумаққа ауыстыру жоспарланып отыр.
Гүлмарал Изатқызы, Елисея Томашевская, Almaty TV, Қостанай облысынан.