Солтүстіктегі аптап ыстық: күн өтіп, зардап шеккендер саны 2 есеге артты

Кей аймақтарда ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік өңірлерде күн өтіп, ыстықтан зардап шеккендер саны былтырға қарағанда 2 есеге артқан. Кей аймақтарда ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілген. Бірнеше күнге созылған ыстық халыққа ғана емес, егін мен бақша өнімдеріне де кесірін тигізген. Дәрігерлер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Ал бағбандар таңның атысынан күн батқанға дейін егінін күйіп кетуден сақтауға тырысып әлек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Валентина Федоренконың бақша баптап жүргеніне көп жыл болған. Ол «Биыл өнім бітік шыққалы тұр. Алайда аптап ыстықтың кесірінен еңбек зая кетуі мүмкін» дейді. Жылыжай ішіндегі ауа температурасы 50 градустан асып кеткен. Сыртта да күннің қызуы қайтар емес. Сондықтан бағбандар бақша өнімдерін бұрынғыдан жиірек суарып, топырақтың ылғалын сақтау үшін бетін жауып, өсімдіктерді көлеңкелеп жатыр.

«Жерді қопсытып тұру өте маңызды. Бұл – топырақтың ылғалын сақтаудың бір жолы. Сонымен қатар, топырақтың бетін жабудың түрлі тәсілдері бар. Арнайы жабын материалдарын, сабанды немесе шабылған шөпті пайдалануға болады. Мұның бәрі ылғалды ұзақ сақтауға көмектеседі. Ең бастысы – аптап ыстықта өсімдіктің жапырағына су шашпау керек. Бұл оған зиянын тигізеді», – деді бағбан Валентина Федоренко.

Елдің солтүстігінде аптап ыстық бір аптаға жуық уақыттан бері басылар емес. Мұндай ауа райы өсімдіктерге ғана емес, адамдардың денсаулығына да кері әсер етіп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда жедел жәрдем шақырту саны 2 есеге артқан.

«Аптап ыстыққа байланысты күн өту мен есінен тану жағдайы 50 пайыздан астам көбейді. Егер былтыр осы кезеңде 65 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны жүзге жуықтады. Шақыртулардың басым бөлігі жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты болды. Аптап кезінде дәл осы сырқат жиі асқынады», – деді Қостанай облыстық Жедел жәрдем стансасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева

Қапырық адамдардың денсаулығына ғана емес, ауа сапасына да әсер етеді. Жоғары температура кезінде атмосферада зиянды заттар жиналып, табиғи өрт қаупі күшейеді.

Алматыда, сондай-ақ түнгі уақытта Астана, Теміртау, Қарағанды және Қостанай қалаларында қолайсыз ауа райы қалыптасуы мүмкін.

«Атмосфералық ауаның сапасы көбінесе шығарындылар көлеміне ғана емес, сонымен қатар, ауа райына да байланысты. Ең қолайсыз кезеңдер әлсіз жел немесе штиль, температура инверсиясы және жауын-шашынның болмауы. Бұндай жағдайда ластаушы заттар ауада нашар таралып және атмосфераның беткі қабатында жиналады. Егер осы кезеңде өнеркәсіптік кәсіпорындардан және автокөлік обьектілерінен шығарындылар жалғасатын болса, ластаушы заттардың концентрациясы артуы мүмкін», – деді «Қазгидромет» РМК экологиялық мониторинг департаментінің жетекші инженері Гүлзат Шерубаева.

Мамандар аптап ыстық кезінде далада ұзақ жүрмеуге, ауыр жұмыс істемеуге  кеңес береді. Үйді таңертең желдеткен дұрыс. Сондай-ақ ылғалды тазалық жұмыстарын жиі жүргізіп, ауа қатты ластанған жағдайда қорғаныш бетпердесі мен ауа тазартқыш құралдарды пайдаланған жөн.

Айдана Шалқар, Елисея Томашевская

Оқи отырыңыз: Құрғақ климатқа бейімделген өнім көлемі артып келеді - атыраулық бағбанның сыры неде