Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жыл сайын әлемде 17 миллионға жуық адам жүрек ауруынан көз жұмады
Жүрек талмасы бойынша жедел жәрдем шақырудың ең көп дерегі Түркістан облысында тіркелген. Ал жалпы еліміз бойынша былтыр миокард инфарктісіне байланысты 7,5 миллионнан аса адам дәрігерлер көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жыл сайын әлемде 17 миллионға жуық адам жүрек ауруынан көз жұмады. Ал ел бойынша қан айналым жүйесі ауруларымен 1 миллион 850 мың адам диспансерлік есепте тұр. Дәрігерлер бұрын мұндай диагноз көбіне егде жастағыларға қойылса, қазір жастар арасында да жиілегенін айтады.
«Қазір 30-35 жаста 40 жастағы жас жігіттер мен қыздар жүрек ауруына шалдыққан. Оның себебі – спортпен шұғылданбау. Екіншіден, аз қимылдау, гиподенамия. Энергетикалық сусындар жүректің соғуын жиілетеді. Мысалы қалыпты жағдайда 60-80 арасында соғу керек болса, оны ішкеннен кейін 90-100-ге дейін соғады. Ол адам жүрегін шаршатып қояды», – деді дәрігер Әлішер Ансепов.
Былтыр елімізде жедел жәрдемге 7,5 миллионнан астам шақырту түскен. Соның 27 мыңы жедел миокард инфарктімен байланысты. Ең көп шақырту Түркістан облысында тіркелген. Жүрек қағысының бұзылуынан зардап шегіп жүргендердің бірі – Ядгара Пержанова. Оның сырқаты алғаш 4-5 жыл бұрын белгі бере бастаған.
«Артериялық қан қысымы көтеріледі, жүрегімнің тез соғып кетеді. Жаңағыдай әлсіреп, ентігіп қалам. Дәрігерлер жүрегім қатты соғып кетпеу үшін «зиянды сусындарды ішпеңіз, майлы тамақ жемеңіз» дейді. Спортпен шұғылдануға кеңес берді», – деді қала тұрғыны Ядгара Пержанова.
Соңғы жылдары елімізде 16 мың адамға инфаркт диагнозы қойылған. Дәрігерлер жүрек қағысы – ағзаның жағдайын аңғартатын маңызды биомаркер екенін айтты. Оның өзгеруі түрлі дерттің белгісі болуы мүмкін.
«Қан қысымы көтерілгенде жүрек қысылады. Аллаға шүкір, қазір бәрі жақсы. Жастарға айтарым, сусын ішпей, алдын ала емделсе, барлығы жақсы болады», – деді қала тұрғыны Қарлығаш Мәуленова.
Мамандар жүрек ауруы жас талғамайтынын ескертеді. Ағза қауіпті дерттің алдында түрлі белгі береді, сондықтан оны елемеуге болмайды. Әсіресе артық салмағы бар, қант диабеті мен гипертонияға шалдыққан адамдар профилактикалық тексеруден өтіп, салауатты өмір салтын ұстанғаны абзал.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әлеуметтік көмек кімдерге және қалай беріледі