Шошанай ауылында спорт сарайы ашылды
Демеушілер тарапынан жеткіншектерге спорттық құрал-жабдықтар мен арнайы киімдер табысталды
Алматы облысы Шошанай ауылында спорттың дамуына серпін беретін жаңа кешен ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нысан ауыл жастарының тұрақты түрде спортпен айналысуына жағдай жасап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ғимараттың бой көтеруіне ауыл азаматтары мен демеушілер септесіп, 300 миллион теңгеге салынған. Спорт кешені заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда бокс пен күрес залдары, сондай-ақ командалық спорт түрлеріне арналған алаңдар бар. Яғни ауыл балалары енді бірнеше спорт түрімен жүйелі түрде жаттыға алады. Нысан «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асыпты. Ашылу салтанатында қазақ күресі, қол күресі және футболдан сайыс ұйымдастырылды. Демеушілер тарапынан жеткіншектерге спорттық құрал-жабдықтар мен арнайы киімдер табысталды.
«Қазақша және классикалық күрес түрін ұсынып отырмыз. Бокс, жаттығу залы бар. Спорт кешені 200 балаға жоспарланған, 2 маусымда жұмыс жасайды деп жоспарлап отыр», – деді ауыл тұрғыны Азамат Абықанов.¤
«Спортсмендер, чемпиондар шықсын ауылдан. Таланттың – бәрі ауылда ғой. Бүгін ашылу салтанаты. Бір жыл бұрын саяжай ел игілігіне берілген», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.
Оқи отырыңыз: Атыраулық 12 жас 12 миллион теңге грант ұтып алды