Сот жүйесі — құқықтық мемлекеттің берік тірегі

24.06.2026 18:58

24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні

24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні. Биыл  Президенттің бірнеше Жарлығымен өңірлердегі соттардың төрағалары мен судьялары ротацияланып, жаңадан тағайындалды. Қазір бұл салада ел бойынша 2,5 мыңнан аса қызметкер міндетін мүлтіксіз атқарып жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қара қылды қақ жарған қазы болу – білім мен біліктілікті талап ететіні анық. Адалдық пен әділдікті ту еткен сот төрағаларының төрелігі талайдың тағдырына әсер етеді. Сот саласының тірегіне айналған қызмет иелерінің бірі – еңбек жолын тергеуші болып бастаған Ержан Жанұзақов. Ол 2014 жылдан бері судья болып қызмет етіп келеді. Ержан Серікқазұлы қазылық еткен 12 жылдың ішінде талай қылмыстың беті ашылған. Сөзінше, сот жүйесі еліміздегі биліктердің негізгісі. Ол «адал қызмет ету арқылы азаматтар мен ұйымдардың бостандығын, заңды мүддесін қорғаймыз» дейді.

«Енді судья болу саналы тергеуші қызметінде жүрген кезде пайда болды. Сол кезде қылмыстық істерді тергеп, сотқа өткізгеннен кейін соттың жұмысын түсініп, судья болуды мақсат еттім. 2014 жылы Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметіне тағайындалдым. Сот жүйесі – құқықтық мемлекетіміздің негізгі институттарының бірі. Конституциямыздың 76-бабына сәйкес сот төрелігін тек сот атқарады», – деді Алматы облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Жанұзақов.

Елімізде сот жүйесін бір Жоғарғы Сот басқарады. Сонымен қатар азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер жөніндегі үш кассациялық сот жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 21 облыстық сот, сондай-ақ 350-ден астам аудандық және оған теңестірілген сот бар. Сонымен қатар екі мыңнан астам судья мен мыңдаған сот қызметкері еңбек етеді.

«Соңғы жылдары елімізде сот жүйесінде көптеген реформалар жүзеге асырылып жатыр. Ол – электрондық сот төрелігі жүйесін іске қосу, сот кабинетінің сервисін іске қосу және үш кассациялық сотының құру. Өзгерістердің бәрі сот жүйесінің қолжетімділігін, ашықтыққа, сотқа деген сенімді арттыруға бағытталған»», – деді Алматы облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Жанұзақов.

Сонымен қатар Қазақстандағы әкімшілік сот жүйесінің құрылғанына бес жыл толды. Бұл – мемлекеттік басқару мен құқық қорғау саласындағы маңызды кезең. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгеннен бері азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен туындайтын дауларында құқық қорғаудың тиімді құралына айналған. Осы уақыт аралығында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 26 мыңнан астам іс қаралған. 2021 жылы сотқа 2392 талап-арыз тіркелсе, былтыр олардың саны 6268-ге жеткен. Бес жыл ішінде сот 7173 шешім шығарып, оның 3701-і талап қоюшылардың пайдасына қабылданған.

«Қазақстан Республикасында 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне еніп, Қазақстан Республикасында әкімшілік әділет жүйесі қалыптасты. Бұл Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік органдармен, азаматтардың, лауазымды тұлғалардың, кәсіпкерлердің арасындағы бүкіл дауды реттейтін жаңа кодекс болып табылады. Кодексте көзделген ерекшеліктер – бұл тұлғаларға, яғни талап қоюшыларға берілетін басымдықтар, соттың белсенді рөлі көзделгенін көрсеткен әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен», – деді Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Тұрсынәлі Төлегенов.

 Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауда сот жүйесінің орны ерекше. Соңғы жылдары жүзеге асқан реформалар сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталса, әкімшілік соттардың құрылуы мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы құқықтық тепе-теңдікті нығайтуға жол ашты. Әділдік пен адалдықты басты қағида еткен судьялар мен сот қызметкерлері құқықтық мемлекеттің берік тірегі болып қала береді.

Ербол Медетбек, Жақсылық Тілепберген, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: СҚО-да әкесін тепкінің астына алған ер адам қамауға алынды